Жиынның негізгі мақсаты қандай?
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы кезектен тыс құрылтай өткізді. Жиынның негізгі мақсаты: тіл мәселесіне қатысты нақты шараларды қолға алу, қазақ тілінің мәртебесін арттыру, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл құрылғанына 31 жыл толатын ұйым бүгінге дейін елеулі еңбек еткен. Дегенмен, кездесуге келген тіл жанашырлары соңғы уақытта жұмыстың тиісінше атқарылмай жатқанын да атап өтті.
«Әркімнің өзінің ана тілі бар. Ал, мемлекеттің тілі ол- осы мемлекеттің топырағын басып, суын ішіп, ауасын жұтып жүргеннің бәріне ортақ тіл. Сондықтан тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды», – деді «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман.
Екі сағатқа созылған кездесуге республиканың әр аймағындағы тіл жанашырлары да қатысты. Аталған жиында халықаралық «Қазақ тілі» қауымдастығының президенті болып тағайындалған Құсман Кәрімұлы «Кезекті құрылтайда нақты істің нәтижесін көрсетеміз», дейді.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тәуелсіздігімізбен құрдас, 30 жыл болды. Ары қарайғы бағыт-бағдары, қадай жұмыс жасауымыз керек, қандай іс-шара жасауымыз керек, тағы-тағы сондай жоспарларға байланысты жұмыстарды жүргізуіміз керек», – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Құсман Шалабаев.