Қайғылы қаңтар: Бас прокуратура мен ІІМ ресми мәлімдеме жасады

05.02.2022 04:23

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен нысандар саны 1573-ке жетті

YouTube

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде келтірілген шығын 88 млрд теңгеден асты. Бұл тұралы ҚР ІІМ-де айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаңтар айында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен нысандар саны 1573 жетті, бұған дейін 1466 деп айтылған. Зардап шеккен азаматтардың өтініштеріне байланысты бұл көрсеткіш артты, ол тергеушілердің тексерулерімен және зақымдалған нысандарды тіркеумен расталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді.

«Бизнес нысандары ең көп зардап шекті, олардың саны - 1502, басым бөлігі дүкендер, ломбардтар, жанармай құю станциялары мен қоғамдық тамақтану орындары, сондай-ақ аңшылық дүкендер толық тоналған. Зақымдалған немесе жойылған автокөліктер саны да артып, 765 бірлікке жетті, оның ішінде 551 қызметтік полиция көлігі және 124 азаматтық тұлғаларға тиесілі көліктер», - деп атап өтті спикер.

Жалпы мәлімделген шығын 88 млрд теңгеден асты.  

Террористік актілердің себептерін және оларды ұйымдастырушыларды, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктердің себептерін анықтау жөніндегі тергеуді арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу топтары жүзеге асырады. Өз кезегінде, ішкі істер органдары жаппай тәртіпсіздік аясында жасалған басқа да қылмыстар бойынша тергеуді жалғастыруда.  

«Бүгінде ішкі істер органдарының өндірісінде 2 285 қылмыстық іс, олардың негізгі бөлігін ұрлық пен тонау құрайды. Бұл 1 674 іс немесе тіркелгендердің жалпы санының 73%», - деді Санжар Әділов.

Қайғылы қаңтар қылмыстық істерін тергеу аясында тонауға, әсіресе қару ұрлауға қатысқан адамдарды анықтау жұмыстары жалғасуда.  

«Үш апта ішінде полиция қызметкерлері ұрланған қарудың көп мөлшерін, әсіресе Алматы, Алматы және Жамбыл облыстарында тәркіледі. Қазіргі уақытта тәркіленген қарудың жалпы саны 747 бірлік және 18 мыңнан астам оқ-дәрі бар», - деп атап өтті ведомство өкілі.

30 қаңтарда Алматыда ұрлық үшін сотталған Жамбыл облысының 33 жастағы тұрғыны ұсталды, ол 5 қаңтарда қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 4 мылтық алып шыққан.

«Ол дүкен есіктеріндегі торды бұзу үшін кабель байланған ВАЗ-2114 көлігін жүргізген. Нәтижесінде күдікті екі тегіс ұңғылы және екі ойық мылтық алған. Алматы қаласында осы қаланың тағы 4 тұрғыны ұсталды, олардан ұрланған 10 мылтық пен оқ-дәрі тәркіленді. Сонымен қатар, олардан қауіпсіздік күштерінен ұрланған оқ өтпейтін кеудешелер, қалқандар мен шлемдер тәркіленді. Барлық осы фактілер бойынша күдіктілер УҰИ-ға оқшауланып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қару-жарақты анықтау бойынша мақсатты жедел шаралар жалғасуда. Сонымен қатар, басқа тонауға қатысқан адамдарды анықтау бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 1 ақпанда Қызылордада ломбардтардың бірінде жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрлық жасаған осы қаланың екі тұрғыны ұсталып, УҰИ-ға қамалды. Ұсталғандардан ұрланған алтын бұйымдардың 160-тан астам бірлігі тәркіленді. Алматыда тонауға қатысқандардың бірі «Искер Ломбард» ЖШС 41 млн теңгеден астам шығын келтірген. Күдіктіден ұрланған заттың бір бөлігі тәркіленіп, оның кінәсі бейнежазбамен дәлелденуде. Қылмыскерлерден барлығы 107 млн теңгеден астам сомаға бағаланатын ұрланған мүлік, оның ішінде 8 бірлік автокөлік, 360 бірлік тұрмыстық техника, 200-ден астам зергерлік бұйым, 460 киім атауы, 238 ұялы телефон, сондай-ақ 15,5 млн теңге сомасындағы қолма-қол ақша тәркіленді», - деді  Санжар Әділов .

Сондай-ақ ІІМ күшімен қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде тонауға қатысқан адамдарды анықтау жұмыстары жалғасуда. Ұрлық, тонау, соның ішінде тәртіпсіздіктер кезінде қару ұрлағаны үшін 322 күдікті ұсталып, УҰИ-ға қамауға алынды. Тергеу барысында істің мән-жайларын және күдіктілердің дәлелдерін мұқият тексеруге, сондай-ақ дәлелдемелер базасын жинауға баса назар аударылады.

«Бұрын хабарланғандай, тергеушілердің барлық іс жүргізу шешімдері қылмыстық процестің үш буынды моделі шеңберінде қабылданады, атап айтқанда, күдіктіні ұстау, оның әрекеттерін саралау, сондай-ақ бұлтартпау шараларын таңдау сияқты негізгі іс жүргізу шешімдері тек прокурормен келісіледі. Бұл ретте барлық күдікті адамдар дене жарақаттарының бар-жоғы медициналық куәландырылғаннан кейін ғана, оларды алу мән-жайлары бір мезгілде анықтала отырып, УҰИ-ға қамалады», - деп атап өтті ІІМ өкілі.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі ұсталған адамдардың жеке басын ескере отырып, қылмыстық іс жүргізу заңында көзделген негіздер бойынша күдіктілерді күзетпен ұстаудан босату жөнінде де жұмыс жүргізуде. 

«Өткен аптада қадағалаушы прокурормен келісім бойынша бұлтартпау шарасы 9 адамға қатысты үй қамағына, 6 адамға қатысты шықпау туралы қолхатқа өзгертілді, бұл ретте босатылған адамдар тарапынан шағымдар түскен жоқ. Босатылған адамдардың жалпы санын Бас прокуратура өкілі жариялады. Сонымен қатар, бірқатар күдіктілерге, олардың жеке басын және жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, негізінен аз ғана залал болған жағдайда, қамауға алынбай, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау шаралары қолданылды. Мұндай күдіктілердің саны, қамауға алынғандарды есептемегенде, қазіргі уақытта 200-ден асады», - деді полковник.    

Тағы бір айта кетерлігі, тжаппай тәртіпсіздіктер кезінде Алматы қаласы ең көп зардап шекті, осыған байланысты, сондай-ақ кәсіпкерлердің өтінішін ескере отырып, ІІМ өңірлік полиция департаменттерінен жедел-тергеу және криминалистикалық бөлімшелердің қызметкерлері қосымша тартылды. Нәтижесінде оқиға болған жерді және зақымдарды тіркеп, сондай-ақ қажетті заттай дәлелдемелерді алып, барлық объектілерді тексеруді қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік туды.  

«Қазіргі уақытта ІІМ криминалистері тәркіленген іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басын анықтау үстінде. Тергеушілер қазірдің өзінде 15 мыңнан астам тергеу әрекеттерін жүргізді, олардың ішінде жәбірленушілерден, куәлардан және күдіктілерден жауап алу, олардың арасындағы бетпе-бет ставкалар, тексерулер, тінту және басқа да шаралар.  Тергеу органдарына дәлелдемелер жинауға және құқық бұзушыларды ұстауға жәрдемдесетін азаматтарға ерекше алғыс білдіргім келеді. Мысалы, Алматы облысының елді мекендерінің бірінде тұрғындар ұрланған қарудың 6 бірлігін сату әрекетінің жолын кесті, олар полицияға тапсырылды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және күдіктілер ұсталды. Олардың Алматы қаласы әуежайының ғимаратындағы сауда нүктелерін тонауға қатысы бар екені анықталды», - деді полицей.

Қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін ел азаматтарының қоғамдық санасын бақылау үшін ақпараттық соғыс басталды. Ресми органдардың ескертулеріне қарамастан, әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті дейді ІІМ өкілдері.

«Бұл ақпараттық шабуылдардың түпкі мақсаты құқық қорғау органдарының беделін түсіру ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік жүйесін әлсірету болып табылады. Жалған хабарлардың негізгі бөлігі елден тыс жерлерден таратылады. Бүгінде әлеуметтік желілерде шетелде тіркелген 43 аккаунт анықталды. Қаскөйлер Қазақстан полициясының қызметін теріс қырынан көрсетеді, алайда алғашқы күндері қарусыз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткен солар болатын», - деп мәлімдеді спикер.

Екі тәулік ішінде еліміздің көптеген ірі қалаларында, әсіресе Алматыда тәртіпсіздіктер орын алып, мемлекеттік мекемелер мен полиция ғимараттарына шабуыл жасалды. Осы шабуылдарға тойтарыс беру барысында және қақтығыстарда полиция қызметкерлері де, әскери қызметшілер де, шабуылдаушылар да дене жарақатын алды.  

«Тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау және арнайы органдардың 19 қызметкері, сондай-ақ әскери қызметшілер қаза тапты, олардың 3 мыңнан астамы дене жарақатын алды. Бұл ретте 40 адам оқ жарақатын, 13-і пышақ, 170-тен астамы басқа да ауыр жарақаттар алды. Бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар да бар екені белгілі, бірақ бұл жаппай тәртіпсіздіктердің нәтижесі болып табылады және әрбір қаза тапқан адам бойынша қазір объективті тергеу жүргізілуде», - деп атап өтті Санжар Әділов.

Тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы барлық шағымдарды прокурорлармен бірге ІІМ Өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері де мұқият тексереді

«Тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы ақпаратқа қатысты Бас прокуратураның өкілімен әрбір шағым бойынша егжей-тегжейлі талқылау жүргізіліп, бірқатар қылмыстық істер басталғанын айта аламын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарының барлық қызметтік орын-жайлары жаппай бейнебақылаумен жабдықталғанын атап өткім келеді, бұл полицейлер тарапынан ұсталған адамдарға қатысты қандай да бір заңға қайшы әрекеттер жасалуын іс жүзінде жоққа шығарады. Сондай-ақ, қазіргі кезде қылмыстық істер бойынша барлық адамдар тергеу органдарына ресми түрде, қалаған жағдайда адвокаттарымен бірге шақырылады», - деді ІІМ өкілі.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, ол тағы да арандатушылыққа бой алдырмауға және жалған ақпарат таратудан аулақ болуға, тек ресми дереккөздерге сенуге және тергеу нәтижелерін күтуге шақырды. ІІМ елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау бойынша барлық күш-жігерін жұмсайды.

4 ақпандағы жағдай бойынша тергеу-жедел топтарының өндірісінде  2750 қылмыстық іс тергелуде. 802 күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.

«Қамауға алынғандардың 113-ші бұрын сотты болған (кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық үшін) және радикалды діни ағымдардың жақтаушылары. 91 адамға қоғамнан қатаң оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау шаралары қолданылды», - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар күдіктілерді қамауға алу мәселесін қарастыру кезінде олардың әр қайсысының іс әрекеті, жеке басы, кінәсін мойындауы және тергеуге көмек көрсетуі ескеріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.  

«Мысалы, прокурорлар күдіктіні қамауға алу туралы 11 ұсынысты қолдамады. Уақытша ұстау изоляторынан 103 адам босатылды. Соттар да 80 күдіктіні қамауға алудан бас тартты. Сонымен қатар, бұрын қамауға алынғандардың бұлтартпау шараларын жеңілдетудеміз. Мысалы, прокурорлар Алматы қаласында 59, Қызылорда облысында 3 және Шығыс Қазақстанда 1 адамды қамаудан босатты, олардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Сол сияқты қызылордалық прокурорлардың талабы бойынша сот санкциясымен 3 адам үйқамаққа жіберілді»,- деді Қилымжанов.

Атқарылып жатқан жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатылды. Тергеудегі заңсыз әрекеттер туралы шағымдар ерекше бақылауға алынып, тексерілуде.  

«Бүгінгі күні прокуратураға тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану, билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы 148 шағым келіп түсті. 105-сі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде, әлеуметтік желілерде айтылған Атырау облысында «Динамо» стадионында орын алған жағдайлар, Алматы облысында Батырбаевқа қатысты және басқа да фактілер бар. Осындай оқиғалардың жан-жақты, толық тексерілуін қамтамасыз ету үшін, олар бойынша тергеу жүргізу жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне (104) және арнайы прокурорларға (1) тапсырылды. Тағы да ескертейін, прокурорлар шағымдар мен арыздар, сондай-ақ интернет арқылы таратылған барлық ақпараттарды тексеруде», - деді спикер.

Құқық қорғау органдары қаңтардағы оқиғалардың барлық мән-жайларын анықтау үшін көп уақытты талап ететін үлкен жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнде 1 307 медициналық, баллистикалық және басқа сот-сараптамалық зерттеулер тағайындалды.  

«Тергеушілер 1 500 жуық оқиға болған орындарды қарап шықты, 10 000 астам тергеу амалдары жүргізілді. 1 279 тұлға жәбірленуші болып танылды. Атқарылатын жұмыс ауқымы өте көп, сол үшін тергеу нәтижелерін күтіп, сабыр сақтау қажет. Тергеу амалдарының, сараптамалардың нәтижелері негізінде ғана әр күдіктінің іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Ал түпкілікті, яғни, кінәнің бар-жоғы, жазаның мөлшері туралы шешімді тек сот қабылдайды. Сондықтан азаматтардан жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, тек ресми мәліметтерге сенуге және жалған ақпараттарды таратпауға шақырамын»,- деді прокурор қазақстандықтарға қаратып айтқан сөзінде.

Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде «фейк» ақпараттарды тарату деректерін анықтауда. Қылмыстық кодексте көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған. 

«Қазіргі кезде осындай фактілер бойынша 10 қылмыстық іс тергелуде. Олар бойынша 3 жалған ақпарат таратушы анықталып, оның біреуі қамауға алынды, екеуі үйқамақта отыр. Прокуратура және құқық қорғау органдары қылмыстардың толық тергелуін, заң нормаларының сақталуын қамтамасыз етуде», - деді спикер.