Археолог ғалымдар: Алматыда қорғандарды зерттейтін «ғылыми кеңес» құрылуы керек

kazgazeta.kz
kazgazeta.kz
Арнабай Нұржановтың сөзінше, ежелгі мазар тұрған жердің шекарасын белгілеп, қақпа орнатқан дұрыс дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы маңында салынып жатқан модульдік аурухана шынымен қорғанның үстіне тұрғызылған ба? Almaty.tv  тілшісі анықтап көрді.  

Бұл – Боралдай үстіртіндегі ең шеткі қорғанның етегіндегі жер.  Ал, Модульді аурухана осыдан 170 метр қашықта орналасқан. Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың бас ғылыми қызметкері Арнабай Нұржановтың сөзінше салынып жатқан нысанның қорғанға еш қатысы жоқ. Сондай-ақ ғалым, инфекциялық аурухана тарихи мазардың үстіне салынып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Инфекциялық аурухана бұл қорғандардан 170 метрде орналасқан. Қорғандарды қоршау аймағы бұзылмаған. Республика бойынша мұндай аурухананы салу өте қажет болып тұр. Бірақ келешекте бұл қорған қорғалуы керек», – деді Ә. Марғұлан атындағы археологиялық институттың бас ғылыми қызметкері Арнабай НҰРЖАНОВ.

Қорғандар қоршалып, оны қорғау қажет. Арнабай Нұржановтың сөзінше, ежелгі мазар тұрған жердің шекарасын белгілеп, қақпа орнатқан дұрыс дейді. Сонда айналасына құрылыс басталғанда әлгіндей қаңқу сөздер шықпай, жалған ақпарат тарамас еді. Сондай-ақ, ғалымдар құнды жәдігерлерді, ескерткіштер мен қорғандарды қорғаумен және зерттеумен айналысатын ғылыми кеңес құрылса деген ұсыныс айтты.

«Осы ескерткіштерді зерттеу үшін қалада әлі күнге дейін қорғайтын инспекция жоқ. Мұражайда бар, мәдениет басқармасында бар», – деді Ә. Марғұлан атындағы археологиялық институттың бас ғылыми қызметкері Арнабай НҰРЖАНОВ.

Иә, бір-екі маманның қаладағы талай тарихи заттарды қорғап, зерттейтініне сену қиын. Сондықтан өткенді біліп, ұғу үшін толықтай жұмыс тобы қажет екені көрініп тұр. Дәл Алматыдағы қорғандардың құны өте қымбат дейді зерттеушілер.  

«Алдымен дастан қылып шығарып, сосын бәрін зерттеуге болады. Демек, бұл қорғандардың құндылығы тек археологиялық емес, оның ішінде жатқан жәдігерлерді сөйлете білуіміз. Оларды сөйлетуге болады. Оның артында мұражайда қаншама дүниелер жатыр», – деді «Қырым аралы» ғылыми зерттеу орталығының директоры Қырым АЛТЫНБЕКОВ.

Боралдай үстіртіндегі ежелгі мазарларға ерекше күтім қажет. Өйткені бұл жердің қасиетті мекен екенін де ұмытпауымыз қажет. Әр төбенің өзіндік маңызы бар. Әкімдік өкілі бұл маңайды қоршау жоспарда барын айтты.

«Өткенде ғана тазалап кеткенбіз. Алайда әр адамның санасы әртүрлі ғой. Маңайда орналасқан қарапайым халыққа мүмкіндігінше түсіндіреміз. Бірақ бұның бәрі уақыттың еншісінде. Біз қорғау жұмыстарын жүргіздік, жүргізіп келе жатырмыз. Қоршаймыз. Алдағы уақытта жоба бар. Сол жобаның негізінде қоршау жұмыстары жүргізілетін болады. Алдағы уақытта мұндай нәрселерге жол бермеу басты назарда», – деді қалалық Мәдениет басқарма басшысының орынбасары Данияр ӘЛИЕВ.

Осы күні Алматы аумағында 139 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 32-сі республикалық, қалғаны жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Басты мақсат – болашақ ұрпаққа барлығын қаз қалпында сақтап қалу. Әкімдік өкілі модульдік аурухананың бұл қорғанға еш қатысы жоқ екенін тағы да еске салды.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров