Айбынды әскеріміз құрылған күн

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Тәуелсіз ел атанғаннан бастап аумақтық тұтастықты қорғау басты мақсаттың бірі болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәуелсіз ел атанғаннан бастап аумақтық тұтастықты қорғау басты мақсаттың бірі болды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның өз армиясы – Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осы тарихи сәттен төл әскеріміз жасақтала бастады. Жылдан-жылға оның қуаты күшейді. Ал, бүгінгі әлеуеті қандай? Almaty.tv тілшісі тарқатады. 

Әр мемлекеттің сенімді қалқаны – айбынды әскері. Азаттық алған соң қазақ елі мемлекет тыныштығын қамтамасыз ететін әскерін жасақтап алды. Бүгінде Қарулы Күштердің құрылымында Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері бар. «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылықтары жоғары жауынгерлік қабілетті қамтамасыз етіп отыр. Ал, әскерлерде құқық тәртібінің сақталуы 1997 жылы құрылған Әскери полицияның міндеті.

«Қарулы Кұштер құрылған сәттен бастап еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының кепілі болып табылады. Елбасының сындарлы саясатының арқасында аз уақыт ішінде кез келген жағдайда ә»рекет етуге дайын Қорғаныс қабілеті жоғары, қазіргі заманға сай армия құрылды. Жоғары бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтің ұдайы қамқорлығы арқасында осы алған бағыттағы жұмыс сабақтастықпен жалғасуда»,– деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Елімізде әскери кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындары да баршылық. Мәселен, бір ғана Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты 20 жыл ішінде 10 бағыт бойынша 1 000-нан астам офицер даярлаған.  Сонымен қатар, әскерлердің жауынгерлік даярлығына да әрқашан ерекше назар аударылады. Әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін дамыту, сарбаздардың жауынгерлік рухын нығайту үшін тұрақты түрде оқу-жаттығулар ұйымдастырылып тұрады. Құрылымдар жылдан-жылға жаңа қару-жарақ пен әскери техника түрлерімен жарақтандырылады.

«Біздер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери Әуе күштері әскери қызметшілері соңғы үлгідегі заманауи тікұшақтармен жаңа әскери техникалармен жабдықталған әскери ұшқыштар батыс Қазақстан әуе шебінің Қорғанысын қамтамасыз етуге мемлекеттің әскери және әкімшілік нысаналарын әуе шабулынан қорғауға және дер кезінде тойтарыс беруге әрқашан да дайынбыз»,– деді Қазақстан әскери-әуе күштеріне қарасты авиация эскадрильясының аға ұшқышы Айбек Әбділлаев.

Бүгінде Қазақстан армиясының әлемдік әскери қауымдастықта өз орны бар.  Қарулы Күштеріміз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, ТМД және ШЫҰ шеңберінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне белсенді қатысуда. «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы бойынша 40-тан астам елмен екіжақты әскери ынтымақтастық орнатылған. Еліміздің әскери қызметшілері 2003 жылдан бастап БҰҰ аясындағы бітімгершілік миссияларға тартылуда. «Жусан» операциясының сәтті жүзеге асуына да Қорғаныс күштерінің қосқан үлесі қомақты.

Коронавирус пандемиясы кезінде де әскерилер санитарлық талаптардың сақталуына, халықтың денсаулығын қорғау ісіне атсалысты. 4 әскери госпиталь стационарға айналып, 24 дәрігерлік бригада құрылды. Осылайша әскери дәрігерлер дертке шалдыққандарды емдеуде бар күш-жігерлерін салды. Қауіпті кесел әлі де таралуын тоқтатпай тұрғандықтан биыл да Отан қорғаушылар мерекесінде шеру ұйымдастырылмады. Әскеріміздің әлеуеті көпшілікке көрсетілмеді. Алайда бір ақиқаты, әскеріміздің жауынгерлік әлеуеті 21 ғасыр армиясының талабына сай келеді.

Новости партнеров