Бүгін – қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың туған күні

26.12.2020 в 04:30

Ақын тірі болғанда 81 жасқа толар еді

Бүгін қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың туған күні. Көптің көкейінде рухты жырларымен сақталған ақын тірі болғанда 81 жасқа толар еді. Қайсар мінезімен қалың қазақтың жадында сақталған Оңғарсынованың өнегесін Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас тарқатсын.

«Фариза, Фаризажан, Фариза қыз!». Фариза – біреу де болса, бірегей деген ұғымды білдіреді. Ақын расында оқырман үшін отты жыр, өзгеше болмысымен дараланды. Ол сыршыл сұлулық пен өлеңдегі ұлылықтың символындай еді. Талантына сай тегеурінді мінезі де шайырдың айрықша бір қыры болатын дейді құрбысы. Мағира Қожахметова Фариза Оңғарсынованың 50 жыл жанында жүріпті.  

«Ол кісінің ең бір атап өтетін ерекшелігі мінезінің күрделілігіне қарамастан, ең бір мейірімді, қайырымды адам болды және бір ғажабы қазақтың ұлттық дәстүрінде тәрбиеленгені бірден білініп тұратын. Өйткені сондай, бүкіл бала-шағасын қазақша оқытты, бүкіл дүниенің, философияның, психологияның ғажап көріністерін сол қазақтың салт-дәстүрінен көретін. Сол бізге де әсер етті», – деді прозашы Мағира Қожахметова.

Естеліктерге сүйенсек, ақын алғашқы өлеңін 5-сыныпта оқып жүргенде жазыпты. Бала күнінен бойға дарыған өнер ұшқыны есейе келе өлеңге ұласқан. Фариза Оңғарсынованың алғашқы жинағы «Сырласу» деген атпен 1966 жылы басылып шықты. Әдебиет әлемінен бөлек, қайсар қыз бірқатар газет-журналда еңбек етті, парламент мәжілісінің депутаты болды.

«Адамзат баласының мінезінің галереясы ұйымдастырылатын болса, соның қақ төрінде мен ойлаймын, Фариза апайдың бейнесі тұрған болар еді. Судың түбінен көтерілген терең толқындар сияқты жан сезіміндегі арпалыстарды көрсетуімен Фариза Оңғарсынова құнды деп ойлаймын», – деді ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы.

Фариза шығармашылығына тән басты қасиет – ақынның шындық алдында бас июі. 75 жасқа қараған шағында дүниеден өткен көрнекті қаламгер қазақ әдебиетін биік деңгейге көтеруге зор үлес қосып, жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Мадина Оқас, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы