Жылуды жеткізуді мойнына алған мердігер компания халықтың өзі кінәлі екенін айтады
Жамбыл облысының тұрғындары суықта қалдық деп көмек сұрауда. Сөздерінше, елдімекен тұрғындары газ кіргіземіз деп мердігерге ақшасын жиып беріпті. Бірақ серіктестік көгілдір отынға қоспай, ақыры күніміз қара отынға қарап қалды дейді. Жамбылдық әріптесім Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жағдайдың жай-жапсарын баяндасын.
Тіркеуі Таразға тиесілі Шөлдала елдімекенінің тұрғындары күздігүні газдың құнын төлеп кіргізуге дайындалған. Осылайша «қыстың қамын жаз ойлап қойдық» деп жүргенде, мердігер сылтаудың сан түрін айтып, көгілдір отынды қоспапты. Енді ел ағаш жағып, көпір тасып, күн көруге мәжбүр.
«300 мыңды бірден өткізіп берсеңдер, тартып береміз. Қараша, желтоқсанға дейді келмейді деді. Алдыңғы апта келіп кетті. Келер апта болады деді. Ал бүгін жобамыз дайын емес дейді. Астананың жобасын сызып жатқан жоқ қой», – деді қала тұрғыны Айсара Мәмбетуллаева.
«Көршілеріміз жағып отыр. Біз ортада қалып қойдық. Есіктің алдынан өтіп тұр газ құбыры. Соны шығарып кеткеніне 3 ай болды», – деді қала тұрғыны Жолдыбай Талдыбаев.
Ал, мердігерлер болса жағдайды мүлдем басқаша баяндады. Кәсіпкер құжаттары құнттай елге әлдеқашан газдың берілгенін алға тартты. Ал, шу шығарып шырылдағандардың бірінде пеш проблема болса, ендігісінде құжат пен құбырларын дұрыстау қажет екен.
«Біреудің үйінде вытечкасы жоқ болады, біреудің пеші дайын емес болады. Біреуінің шлангасы дайын емес болады. Жеке-жеке жұмыс істеп жатырмыз біз. Құжаты біткен үйлер газ жағып отыр. Құжаты бітпеген үйлер айқай шығарып отыр», – деді «ЭНЕРГОСТРОИТЕЛЬ» ЖШС өкілі Еркін Әйнекбаев.
Жылуды жеткізуді мойнына алған мердігер компания халықтың өзі кінәлі екенін айтады. Егер айтылған олқылықтар орнына келсе, кез келген уақытта газ жіберуге дайын екенін ескертті. Қала билігі де кәсіпкердің сөзін сөйледі. Ондағы мамандар мәліметінше, халық бастапқыда газ айтылған уақытта кіргізілетініне сенбепті. Сондықтан тұрғындардың бейжай қарағандығы газдан қағылуға әкеп отыр дейді.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан