Тараздық тұрғындар соңғы 4-5 күнде дірдек қағып үйдің суықтығына шағымдануда
Тараздық тұрғындар соңғы 4-5 күнде дірдек қағып үйдің суықтығына шағымдануда. Әкімдік болса бұған пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын кінәләп, тұрғындарды соларға бағыттаған. Енді кооператив өкілдері бұл мәселе – шаһардың 80 пайызын жылумен қамтып отырған «Тараз Энерго» орталықтың энергияны бас пайдасы үшін үнемдеуінен болып жатқан жағдай, дейді. Елдің басын қатырған мәселені Almaty.tv тілшісі Мерей Бает тарқатсын.
Бұл – Тараздаға жылуға алаңдаған кооператив басшылары. Алаңдайтындай-ақ бар. Себебі соңғы аптада аяз түскелі шағын аудандардағы тұрғын үйлерге жылу беріліп жарытпады. Бүрсеңдеген халық арызын әкімдікке арқалап барғанында, жауапты пәтер иелерінің кооперативінен алуға жолдаған. Ал, кооператив басшылары бұл жағдайға «Тараз Энерго» орталығын кінәлап отыр. Айтуынша, мекеме жекеменшікке өткелі осындай жағдай жиілепті. Олар үнемдеудің кесірі осыған әкеліп отыр деп есептейді.
Блиц:
– Монополистердің жекеменшікке өткенінің салдарынан бүгінгі күнге біз керекті жылуды ала-алмай отырмыз. Күн жылы кезде жылудың мұншалықты төмен екені білінбеп еді. Қалай күн суытты, бізде жылу жүйесі нөл екенін білдік.
– Келген су артқа қарай қайтпайды, қысым қайтпайды, келуін келеді сол бойынша тұрады. Ауаны шығарамыз. Бір жарты сағаттан соң қайта суып кетеді.
Жиылғандар жылудың тиісті дәрежеде келіп отыр дейді. Дегенмен ол қысым қайтар жолда жоғалады. Сол себепті де тоқтаған су тез салқындайтын көрінеді. Тараз халқын мазалаған бұл мәселеге байланысты тексеру тобы құрылды. Олардың пікірі мүлде бөлек. Энергетика басқармасының мәліметінше, жағдайға өз жұмысын тиісті дәрежеде орындамаған пәтер иелерінің кооперативі кінәлі.
«Жылыту маусымына дайындық барысында тиісті қысыммен сығымдау жұмыстары, жылу құбырларының промывкасы, сол жұмыстар кейбір үйлерде қалып кеткен. Сондықтан ПИК жұмыстарын жандандыру керек. Бұл жұмыстар жедел қолға алынбаса, аталған пәтерлерге жылу жетпей қалу қаупі бар», – деді Облыстық энергетика басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.
Энергетиктердің жауабы тұрғындардың көңілін көншітпеді. Себебі ескі шағын аудан үйлерімен қатар үйлері 3 жыл бұрын салынған Арай шағын ауданында да дәл осы жағдай. Мамандар әлі де тексеріс жұмыстарының жалғасып жатқанын жеткізді. Ал, мәселені бір-біріне сілтегендер ортақ шешім тапқанша, тараздықтар тоңып қалар түрі бар.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан