«Коммуникативті лингвистика және сөзтаным». Осындай атаумен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде профессор, педагогика ғылымдарының докторы Фаузия Шәмсиқызының 70 жылдық мерейтойына арналған тағылымдық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ тіл білімінің төрінде тұрған аяулы ұстазға арналған басқосудың мақсаты - ғалымның қоғамдағы орнын анықтау. Көрнекті ғалым осы күнге дейін 11 ғылым докторын, 40 ғылым кандидатын дайындаған.
«Қазақ тіл білімінде ең алғаш тілдік қатынас теориясын енгізген ғалым. Оны енгізіп қана қоймай, оны балаларға қалай үйретеміз деп, оның әдістемесін қатар игерген адам. Сонда ол кісі теория мен әдістемесін білім үрдісіне енгізген», - деді ф. Оразбаеваның шәкірті Райгүл РАХМЕТОВА.
Тіл білімі саласындағы ең көрнекті ғалымдардың бірі Фаузия Оразбаева - мектептерде 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін кешенді оқулықтар жасаған үлкен ғалым. Қазақ тіл білімінің 60-қа жуық оқулығы осы кісінің бастамасымен жасалды. Әдіскер ғалым 30 жылдан аса Абай атындағы университетте қазақ тілі кафедрасын басқарды. Талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты жан.
«Ең бастысы Фаузия Шәмсиқызының өте талантты шәкірттері бар. Казір сол кафедраның тең жартысынан астамы сол кісінің шәкірттері. Олар да – қазір белгілі ғалымдар және Қазақстан бойынша мектеп оқулықтарының авторлары. Сырттағы шәкірттері қаншама», - деді филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай ӘБДІҒАЗИҰЛЫ.