Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Алайда биылғы мереке жылдағыдан өзгеше тойланбақ. Қаланың бас санитар дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес барлық ұйымдар мен мекемелерде жаңа жылдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Енді алматылықтар биыл мерекені қалай тойламақшы? Қатаң карантин шаралары кезінде мерекелік көңіл-күйді қалай сақтап қалуға болады? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының бейнематериалында.
Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, бүгіннен бастап барлық ұйымдар мен мекемелерде жаңа жылдық іс-шаралар өткізуге, аяз ата мен ақшаһар және өзге де аниматорларды шақыруға тыйым салынды. Демек, жылдағыдай ұлан-асыр той тойланбайды. Әр жыл сайын әуезді әнімен халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлап жүрген өнер майталмандары да көпшілікті сабыр сақтап, жаңа жылды үйде қарсы алуға шықырды.
«Бұл – дүние жүзі бойынша барлық планетамыз мерекелейтін отбасының мерекесі. Мен өзім өнер азаматы болғаннан кейін ондай корпоратив, той, концерттерді, бағдарламаларды жақсы көремін. Бірақ қазіргі күнде ол болмайды. Өйткені індет, ауру біздің босағамызда. Үйде отырып бала-шағаменен қауышып, топтасып жүрген адамдардың арасына барудың қажеті жоқ», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Ақжол Мейірбеков.
Жаңа жыл – өткен жылды қорытындылап, келер жылға жоспар құратын отбасылық мереке. Ал алматылықтар болса, бекітілген ережелерге асқан жауапкершілікпен қарап, мереке күні үйде болған жөн деп санайды.
Блиц:
– Менің ойымша, биылғы жаңа жылды үйде қарсы алу керек. Тойлайтын заман емес. Қанша дегенмен әрқайсысымыз жауапкершілікті сезінуіміз керек қой.
– Жаңа жылды үйде отбасымен отырып тойлау керек деп ойлаймын.
– Жаңа жылды үйде тойлау керек. Себебі отбасымен сол үйде отырғанда туысқандар келсе, солай жақсы сияқты.
Иә, туысқандар келсе жақсы. Бірақ биыл болмайды. Себебі отбасылық мерекені жанұя мүшелерімен ғана атап өту керек деген қаулы бар. Бұл бірінші кезекте жақындарыңыз бен қоғамның амандығы үшін екені ескерілуі тиіс.
Жаңа жылда достарыңызбен жиналатын болсаңыз, биыл бұл жиынды онлайн форматқа ауыстырыңыз. Осылайша қашықтан болса да дидарласып, бір-біріңізге ақжарма тілек жолдай аласыздар. Ал дәстүр бойынша жақындарыңызға сыйлық беретін болсаңыз, бұл жолы арнайы жеткізу қызметтеріне жүгінгеніңіз абзал.
Айта кету керек, шаһарда 25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында мониторингтік топтардың жұмыстары күшейтіледі. Тәртіп бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Сондықтан айтылған ережені елеп, үйде отыру абзал дейді дәрігерлер. Аурудың айтып келмейтінін алдымен түсінген жөн.
Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы