Петропавлда әкесі пневмониядан көз жұмған Әсемгүл ерікті болып, ауруханадағы науқастарға жәрдем беруде

18.07.2020 05:07

Қала еріктілерімен бірге провизорлық стационарларда жетіспейтін медициналық керек-жарақтарды сатып алу үшін қаражат жинай бастады

Almaty.tv

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Петропавлда кең жүректі азаматтар COVID-19 вирусымен күресу үшін дәрігерлерге қолдан келген көмектерін жасап жатыр. Қала еріктілері провизорлық стационарларда жетіспейтін медициналық керек-жарақтарды сатып алу мақсатында қаражат жинай бастады. Бір тәулікте шотқа қала тұрғындары 1 миллион теңге көлемінде ақша жинаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елді ғана емес, әлемді әбден әбігерге салған індетпен күреске енді қарапайым азаматтар ерікті ретінде тартылып жатыр. Әсемгүл Нұрмұхаметованың әкесі жуырда пневмониядан көз жұмыпты. Ал, менің бастан кешкенімді өзгеге бермесін деп, ауруханалар мен науқастарға көмек ретінде бұл қорды ашуға шешім қабылдадық дейді.

«Менің әкем пневмониядан қайтыс болды. Бәрі өте тез болды. Күтпеген жерден. Әкем ауруханада болғанда мен дәрігерлердің жұмысы қандай қиын екенін түсіндім. Қарапайым ауыз суы да жетіспейді ол жерлерде. Біз қиын сәтте кез келген көмекті көрсетуге әзірміз. Сондықтан инстаграмда парақша аштық. Көмек қолын созып жатқан жандар көп. Барлық есепті арнайы парақшада жариялап отырамыз. Қала бірікті. Бұл – қуантарлық жайт. Осылай ғана біз аты жаман індетті жеңіп шыға аламыз», – деді ерікті Әсемгүл Нұрмұхаметова.

Науқастар жатқан емдеу мекемелеріне таза ауыз су қажет. Демеушілер суды да, азық-түлікті де тегін жеткізіп жатыр.

«Бір тәуліктің ішінде 1 миллион теңге жиналды 500,200 теңгеден лақтырады адамдар. Әр сомма маңызды. Үндеуге қолдау білдірген жерлестеріме алғыс айтамын. Біз дәрігерлерден нақты не керек екенін сұраймыз. Ең алдымен маска және арнайы қорғаныш костюмдерді сатып алғымыз келеді», – деді ерікті Диляра Сабыр.

Емдеу орталықтарында қазіргі таңда дәрі-дәрмектер, медициналық құрылғылар, тұрмыстық заттар және жиһаз жетіспей жатқан көрінеді. Жиналған қаражатқа еріктілер дәл осы керек-жарақтарды сатып алмақ. Мұндай көмек аса мұқтаж жеті провизорлық орталыққа тегін көрсетіледі.

Алдағы күндері олар қалалық және облыстық провизорлық стационарларға тыныс алу құрылғыларын да жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда емдеу орталықтарына 260 мың теңге соммасына 20 электронды танометр сатып алынған. Ал, бүгінге дейін еріктілер 2 миллионға жуық қаражат жинапты.  Айта кетейік, өңірде 1190 провизорлық, 435 инфекциялық орын дайындалған.