SAGINTAYEV LIVE: Алматыда қала экономикасын қалпына келтіру кезеңдері қалай жүзеге асады?

17.04.2020 04:45

Бақытжан Сағынтаев қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерінен келіп түскен ең өзекті деген 25 сауалға жауап берді

Almaty.tv

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн-конференцияда қала экономикасын қалпына келтіру кезеңдері төңірегінде әңгіме өрбіді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Кездесу барысында қала басшысы коронавирустық инфекциямен күрес шараларымен көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Жуық арада қандай кәсіпорындар ашылып, жұмысын қайта жалғасытарады? Қанша адам қауіпті індетке тест тапсырып көрді?

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерімен кездесуді алғаш рет онлайн форматта өткізді. Қала басшысы конференция бастала сала карантин аяқталған соң қолға алатын шаралар тізбегін тәптіштеп түсіндіруге кірісті. Алдағы 3 айға белгіленген басым бағыттар аясында эпидемияға қарсы іс-шаралар барынша күшейтіліп, қауіпті індетті жұқтыру деңгейін төмендетуге күш жұмсалмақ. Бүгінгі таңда 24 мыңнан аса адам коронавирусқа тест тапсырып көрген. Жалпы  дәрігерлер күніне шамамен 1450 тұрғынды тексеруге мүмкіндігі бар.  

«Қарттар үйі, интернат секілді мекемелеріне де барып жатырмыз. Ол жұмыстың нәтижесі бар екенін көрсетті. Бұл бізге ошақтарды анықтауға көмектесті. Бізде жұқтырғандардың 219-сы медициналық қызметкер. Енді біз барлық жерді тексеруді мықтап қолға алдық. Бүгінгі күнде 2 мыңнан аса полицейді, 1 мыңнан аса әскерилерді, кейбір банктердің және азық-түлік сататын ірі супермаркеттердегі қызметкерлерден, базардағы сатушылардан тест сынамаларын алдық», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Күшейтілген карантин жағдайы әлі сақталады деді қала әкімі. Тіпті мамандардың болжауынша, қауіпті індеттің шарықтау шегі сәуір айының ортасына тұспа тұс келеді екен. Бетін аулақ қылсын! Дегенмен сақтықта қорлық жоқ деген ақ халаттылар Алматыда 800-ге жуық адам коронавуирус жұқтырады деп болжап отыр. Ал карантин кезінде 730 мыңға жуық адам қысқарып қалған. Қашықтан жұмыс істеу режиміне әр түрлі салада істейтін 200 мың адам көшіпті. Нәтижесінде 300 мыңға жуық адам уақытша табыссыз қалды. Сондықтан 20 сәуірден бастап кейбір кәсіпорындар іске қосылуы мүмкін. Қалғандары 2 және 3-кезеңде ашылады. Бұл экономикалық белсенділікті арттыру үшін аса қажет.

«Күшейтілген карантин жағдайында қалада 210 мың жұмыс орнын қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыспен қамтылғандардың бар болғаны 17%-ын құрайды. Біз алдағы уақытта өнеркәсіп саласындағы шектеулерді алып тастасақ, нәтижесінде 42 мың адам өз жұмыс орындарына оралады. Сосын құрылыс нарығын ашу қажет. Нотариустер мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын қайта жандандыру жоспарлануда», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Екі сағатқа созылған онлайн-кездесуде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерінен келіп түскен ең өзекті деген 25 сауалға жауап берді. Арасында карантин аяқталып, қала іргесінде тұратындар келіп, оған қоса кәсіпорындар іске қосылса, қауіпсіздік жәйі не болады деп уайымдағандар болды.

«Егемен Қазақстан» газетінің Алматы қаласындағы филиалының жетекшісі Жүсіпбек Қорғасбек: «Алдағы уақытта біртіндеп-біртіндеп тіршілікке араласып жатырмыз ғой. Олар қалай болады? Іргеден індет шығып жүрмей ме?», – деп сұрақ қойған еді.

«Алматы агломерациясы деп айтамыз. Алматы агломерациясына қаншалықты үлкен көңіл бөлу керек екенін осы жағдай тағы да көрсетіп отыр. Алматы облысының 65 пайызы Алматы қаласының төңірегінде тұратын халық. Осы халықтың бәрі негізінен Алматы қаласына ориентир жасайды. Істейтін жұмысы да, оқитын оқуы да, қыдыратын, баратын жері де, ағайын-туысы да осы жерде. Жұмыс көзі ашылып жатқаннан кейін жұмысшыларды шығару керек қой. Жұмыс басталғанда алдымен қала ішіндегілер жұмысқа шығарылсын!» – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Алматы әкімі шамамен 15 мамырға дейін қарт кісілерге далаға шықпауға кеңес берді. Сондай-ақ, қалада маусым айының аяғына дейін барлық мәдени шаралар тоқтатылды. Шаһар басшысының сөзінше, әлеуметтік сала кезең кезеңімен қалыпқа келеді.

Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы