274 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

22.10.2025 09:35

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады

Depositphotos

Жыл басынан бері  атаулы әлеуметтік көмек 51 мың отбасындағы 274,4 мың адамға 24,6 млрд теңге сомасында тағайындалды. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 98,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты — ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

— табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Ағымдағы жылдың 1 қазанына АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 84,6 мың балаға 3,2 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Оқи отырыңыз: Қызылордада мал ұрлығымен айналысқан 5 қылмыстық топ құрықталды