31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Аlmaty.tv / Нұрбол Қызықбаев
Аlmaty.tv / Нұрбол Қызықбаев

Бұл күн Қазақстанда 1997 жылдан бері ресми түрде аталып өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

31 мамыр – Қазақстандағы ең қайғылы тарихи күндердің бірі. Бұл күні халқымыз ХХ ғасырда орын алған жаппай саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл дата Қазақстанда 1997 жылдан бері ресми түрде аталып өтеді. Ал 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын.

Ашаршылық қазақ халқына ауыр соққы болды

1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық қазақ халқы үшін орны толмас қасіретке айналды. Әсіресе 1930-жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық салдарынан түрлі деректер бойынша 1,5-2,3 миллионға жуық адам қаза тапқан. Бұл сол кездегі қазақ халқының үштен біріне жуық бөлігін құрады.

Аштықтан аман қалу үшін жүздеген мың адам Қытайға, Моңғолияға, Ресейге және Орта Азия елдеріне босып кетуге мәжбүр болды.

Қуғын-сүргін мыңдаған тағдырды талқандады

1937-1938 жылдары Кеңес Одағында жүргізілген саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.

Қазақ зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин секілді көптеген көрнекті тұлғалар сталиндік репрессияның құрбаны болды.

Қазақстан аумағында сол кезеңде Карлаг, Степлаг, АЛЖИР сияқты ірі лагерьлер жұмыс істеп, онда жүздеген мың адам жазықсыз қамауда ұсталды.

Тарихи жадыны сақтау – ортақ міндет

Бүгінде Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, архив құжаттарын зерттеу, ақталмаған азаматтардың есімдерін анықтау және тарихи деректерді жариялау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

31 мамыр – өткеннің ауыр сабақтарын ұмытпауға, жазықсыз жандардың рухына тағзым етуге және болашақ ұрпаққа тарихи шындықты жеткізуге үндейтін күн. Бұл күн бейбітшілік пен бірліктің, әділдік пен адамгершіліктің қадірін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні: Президент үндеу жариялады

Новости партнеров