410 млн теңге бөлінген: Қаратау ауылындағы жол құрылысы неге созылып кетті

22.07.2026 20:15

Аудан әкімдігі жұмыстың жоспарға сай аяқталмағанын растап отыр

Жамбыл облысындағы Қаратау ауылының тұрғындары бір жарым жылдан бері жол азабын тартып келеді. Ауылға апарар жалғыз жолдың жөндеу жұмыстары басталғанымен, көп ұзамай құрылыс қарқыны саябырсып, мердігер істі орта жолдан тастап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл – Қаратау ауылына апаратын жалғыз жол. Бір жарым жыл бұрын мұнда күрделі жөндеу басталып, ескі асфальт түгелдей сүрілген. Алғашында жұмыс қызу жүргенімен, көп ұзамай мердігер техникасын тиеп әкетіп, құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Содан бері тұрғындар ойдым-ойдым жолмен қатынап келеді. Биыл жұмыс қайта жанданады деген үміт болған. Бірақ жауаптылар тағы бірнеше күн ғана жұмыс істеп, ізін суытқан.

«Былтыр ауа райын сылтау етіп, 4 шақырым жерді төсеген соң кетіп қалған еді. Биыл техникаларын әкеліп, 3 ай бойы қозғалмай тұрды. Кейін екі күннің ішінде 2,5 шақырым асфальт құйды да, тағы ғайып болды. «Бір аптада ораламыз» деген уәделерінен али де нәтиже жоқ», – дейді ауыл тұрғыны Нұрғали Панапов.

Жолдың зардабын күн сайын ауыл тұрғындары тартып отыр. Бірі егістікке қатынайды, бірі аудан орталығына сабылады. Бірақ әр сапар көлікке салмақ. Тұрғындардың сөзінше, шұрық-тесік жолдан темір тұлпардың бұзылу үйреншікті жағдайға айналған. Жұртшылық төселіп жатқан жаңа асфальттың сапасына да күмәнмен қарайды. Сондықтан тез арада тексеруді талап етіп отыр.

«Осы жол саласында 20 жылдан астам еңбек еттім. Сондықтан бұл саланың бүге-шүгесіне дейін жақсы білемін. Мына салынған жолдар ешқандай стандартқа сай келмейді. Оларда техникалық қадағалау да жоқ, Ұлттық сапа орталығы тарапынан да тексеріс жүргізіліп жатқан жоқ. Тіпті жолдың ортасында су көлкіп тұр. Ертең күн суытып, мұз қатқанда бұл жолдың тас-талқаны шығады», – деді Қаратау ауылының тұрғыны Оңласын Әубәкіров.

 Жалпы жолдың күрделі жөндеуіне бюджеттен 410 миллион теңге бөлінген. Бірақ қомақты қаржы бөлінсе де, жолдың 30 пайызы сол күйі жатыр. Ал аудан әкімдігі жұмыстың жоспарға сай аяқталмағанын растап отыр.

«Бұл жұмыстар 10 шілдеде толық аяқталуы тиіс еді. Мердігер мекеме міндеттемесін уақытында орындамағандықтан, 10 шілдеден бастап әр кешіктірілген күн үшін 0,1 пайыз көлемінде өсімақы (пеня) есептеліп жатыр. Мердігер компания тұрғындарға жұмысты ертеңнен бастап қайта жандандырып, бір апта ішінде толық аяқтауға сөз берді», – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков.

Әзірге мердігерге тағы уақыт берілді. Егер алдағы 20 күн ішінде жол толық аяқталмаса, келісімшарт бұзылып, жаңа компания тартылмақ.

Нұрғиса Қаржаубау, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз: Жолдағы жүгенсіздік: Қарағандыда той кортежінің бес көлігі айып тұрағына қойылды