Бұл мамандық тек білім мен тәжірибені ғана емес, сонымен қатар зор шыдамдылықты, адамгершілікті және жауапкершілікті талап етеді
Акушерлер өмірдің ең қастерлі сәтіне — жаңа өмірдің дүниеге келуіне куә болады. Дәл олардың біліктілігі, ықыласы мен қамқорлығының арқасында әйелдер ана атанып, сәбилер жарық дүние есігін ашады, - деп хабарлайды Almaty.tv. ҚР ДСМ-ге сілтеме жасап.
Акушер әйелді барлық кезеңде — перзентханаға түскен сәттен бастап шығарылғанға дейін сүйемелдейді, медициналық көмек көрсетеді, моральдық тұрғыда қолдау білдіреді және жаңа туған нәрестеге күтім жасайды. Бұл мамандық тек білім мен тәжірибені ғана емес, сонымен қатар зор шыдамдылықты, адамгершілікті және жауапкершілікті талап етеді.
Бүгінде Қазақстанда 9 000-нан астам акушер жыл сайын 300 мыңнан астам жүкті әйелге көмек көрсетеді. 2025 жылы 300 мыңнан астам босану қабылданды. Әрбір көрсеткіштің артында сіздердің еңбектеріңіз, төзімдеріңіз бен шеберліктеріңіз тұр.
Акушерлердің рөлі артып келеді: олардың қызмет аясы кеңеюде, заманауи тәсілдер енгізілуде, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету және жүктілікті сүйемелдеу жүйесіндегі үлесі күшеюде.
"Құрметті акушерлер! Сіздерге өлшеусіз еңбектеріңіз, қамқорлықтарыңыз, біліктіліктеріңіз бен өз істеріңізге адалдықтарыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Сіздерге зор денсаулық, амандық, бақ-береке, қуанышты сәттер мен жаңа өмірдің жарқын оқиғаларын тілейміз!", - деп атап өтті ведомствода.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Таза Қазақстан» аясында сәндік көгалдандыру ауқымы кеңейіп келеді