«7-20-25» ипотекасы жабыла ма: оператор бағдарлама болашағын түсіндірді

22.11.2026 15:18

2027 жылға 100 млрд теңге бөлінеді

Аlmaty.tv

Жақында «7-20-25» ипотекасы жабылуы мүмкін деген ақпарат шықты. Бұған Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы баспананың қолжетімділігі туралы «Тұрғын үй және үміт» атты зерттеуі себеп болды. Сарапшылар бағдарламадан біртіндеп бас тартып, нарықтық ипотекаға көшуді ұсынады. Олардың пікірінше «7-20-25» бағдарламасы нақты мұқтаж адамдарға бағытталмаған және мемлекеттік қаражат тиімсіз жұмсалып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Krisha.kz-ке сілтеме жасап.

Бағдарлама операторы — Қазақстанның орнықтылық қоры жеңілдікті ипотеканы жаппайтынын хабарлады. Бағдарлама бекітілген жоспарға сай жұмысын жалғастырады. Ұлттық банк 2027 жылға 100 млрд теңге бөлуді жоспарлап қойған.

«7-20-25» ипотекасының шарттары өзгермейді

Бағдарлама аясында жаңадан салынған үйден пайдалануға дайын пәтерді құрылыс салушыдан тікелей сатып алуға болады.

Басты талап — қарыз алушы мен оның жұбайының кейінгі 18 айда меншігінде баспанасы болмауы керек.

Негізгі шарттары:

  • мөлшерлеме — 7%;
  • бастапқы жарна — 20%-дан бастап;
  • несие мерзімі — 25 жыл.

Пәтердің ең жоғары бағасы:

  • Алматы, Астана, Ақтау, Атырау және Шымкентте — 30 млн теңге;
  • Қарағандыда — 25 млн теңге;
  • басқа өңірлерде — 20 млн теңге.

Ипотеканы еліміздегі жеті банк береді.

Бағдарлама 2018 жылдың ортасында іске қосылды. Содан бері қазақстандықтар оның аясында жалпы сомасы 1.3 трлн теңгеге жуық 87 мыңнан астам ипотекалық несие алған.

Ипотека алу неге қиын?

Басты қиындық — талапқа сай келетін пәтер табу. Бағдарлама бойынша тек пайдалануға дайын жаңа үйден пәтер алуға болады. Оның үстіне, баспана әлі сатылмаған болуы керек. Үй пайдалануға берілген кезде пәтерлердің басым бөлігі сатылып кетеді.

Қаржыландыру жағынан да шектеу бар. Бағдарламаға жыл сайын 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл шамамен 5 мың несие беруге жетеді.

Жүйе былай жұмыс істейді: банктер ипотеканы өзі береді, кейін Қазақстанның орнықтылық қоры бұл несиелерді тоқсан сайын белгіленген лимит шегінде сатып алады. Сондықтан өтінім саны шектеулі. Лимит таусылғанда банк келесі транш түскенше өтінім қабылдауды тоқтатуы мүмкін.

Шектеулерге қарамастан, бағдарлама сұранысқа ие. 7% мөлшерлеме оны қалың көпшілік үшін ең тиімді ипотекалық бағдарламалардың біріне айналдырып отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық спортшы пара таеквондодан әлем чемпионы атанды

Толық көрсету