Абай облысында 10 теміржол вокзалы жаңғыртылады

29.04.2025 18:53

Көлік министрлігінің хабарлауынша, еліміздегі 120 вокзалды реконструкциялау көзделген

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Абай облысында 10 теміржол вокзалын жаңғырту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Семей, Аягөз қалалары мен Ақтоғай, Жалаңашкөл, Шар, Дегелең, Үшбиік, Жарма, Белағаш және Ауыл станцияларындағы теміржол вокзалдары толық жаңғыртудан өтеді.

«Семейдегі теміржол вокзалының ғимараты толық жаңартылып, инженерлік инфрақұрылымдары ауыстырылып, іргелес аумағы абаттандырылмақ. Жалаңашкөл станциясының вокзалын жөндеу Алакөлдің туристік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Атап өтерлігі, жаңғырту жұмысы барысында вокзалдардың тарихи келбеті өзгермейді. Әр өңірдің архитектуралық ерекшелігі сақталады. Қазіргі уақытта мердігерлер анықталды. Дайындық жұмыстары жүргізілуде» деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Есеев.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, еліміздегі 120 вокзалды реконструкциялау көзделген.

Оқи отырыңыз: Халықтық бақылау: кез келген азамат автомобиль жолдарының сапасын тексере алады