Абай облысында алып сарбаз борышын өтеп жатыр

16.07.2025 15:30

Қазір сарбаздың жасы 19-да екенін ескерсек, болашақта ол одан да ұзын болуы мүмкін

Абай облыстық гарнизонының баспасөз қызметі

Абай облысында бойы 2 метр 8 сантиметр сарбаз әскери борышын өтеп жатыр. Ол - Арман Қайыржанов, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Экібастұздың тумасы әуе шабуылына қарсы қорғанысқа арналған 31767-Л әскери бөлімінде, "Шығыс" өңірлік қолбасшылығында қызмет етеді. Арман Қайыржанов отбасында бәрі бойышаң екенін айтады.

"Біздің отбасымызда ата-анам да ұзын бойлы. Ұзын болу – проблема емес. Отан алдындағы әскери борышты өтеуге ешқандай кедергі жоқ", – дейді Арман Қайыржанов.

Армияда сарбаз үшін лайықты кереует табылмаған. Сондықтан кәдімгі кереуетті жарты метрге ұзартуға тура келген. Ал әскери киім мен аяқ киім (50-өлшем) арнайы тапсырыспен тігілген.

Арман мектеп пен колледжде де ең ұзын оқушы болған және баскетболмен айналысады.

"Бойымның ұзындығы өзіме ұнайды. Армияға келгенге дейін төрт жыл баскетбол ойнадым. Соңғы жылдары Экібастұз қаласының намысын қорғадым", – дейді сарбаз.

Қазір сарбаздың жасы 19-да екенін ескерсек, болашақта ол одан да ұзын болуы мүмкін.

Айта кетейік, Арман армияға дейін Экібастұз әкімдігінің "Экібастұз қаласының ең ұзын адамы" грамотасымен марапатталған.

Оқи отырыңыз: Әлемдегі ең қарт марафоншы қайтыс болды