Сот сондай-ақ бұрын белгіленген алименттік міндеттемелерді тоқтатты
Абай облысында ата-ана құқығынан айырылған әйел 4 баласын сот арқылы қайтарып алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Үржар ауданының тұрғыны бұған дейін, яғни 2023 жылы жасы 2-ден 11-ге дейінгі төрт баласына қатысты ата-ана құқығынан шектелген болатын.
Бұған себеп – ата-ана міндеттерін тиісінше орындамауы, оның ішінде алкогольді ішімдіктерді теріс пайдалануы болған. Әйел адамнан алимент өндіріліп, балалар олардың әкелерінің тәрбиесіне берілген.
Әйел осы уақытқа дейін алкогольдік тәуелділіктен емделіп, орнықты ремиссияға қол жеткізіп, тұрақты жұмысқа орналасқан. Осыдан кейін ол 2025 жылы сотқа ата-ана құқығын қалпына келтіру және балаларын отбасына қайтару туралы талап арызбен жүгінген.
«Анасы сүйікті балаларын өзі тәрбиелеуге мүмкіндік беруді сұрап, өмірге деген көзқарасын өзгерткенін және оларды толыққанды тәрбиелеуге барлық қажетті жағдай жасағанын атап өтті. Өз сөзін растау үшін ол мынадай дәлелдемелерді: үй жағдайының таза екендігін, азық-түлік, отын мен көмірдің барын растайтын, тұрмыстық-тұрғылықты жағдайлар қанағаттанарлық деп көрсетілген тексеру актісін, наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте жоқтығы туралы анықтамаларды, алимент бойынша берешектің жоқтығын растайтын құжаттарды,
жұмыс орнынан берілген оң сипаттаманы ұсынды», - делінген сот хабарламасында.
Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл істі қарау барысында мамандардың, анасының жанында тұруды қалаған екі үлкен қызының пікірлерін, сондай-ақ әкелерінің бірінің ана махаббаты мен қамқорлығының балалар өміріндегі маңыздылығы туралы айтқанын ескерді.
«Сот әйелдің тәртібі мен өмір салтындағы оң өзгерістерді, орнықты ремиссияны, білім беру бөлімі тарапынан көрсетілген қолдауды және отбасы байланысын сақтауға деген ұмтылысын ескере отырып, оны қайтадан ата-ана құқығына ие ету және барлық балаларын тәрбиелеуге беру мүмкін деп таныды», - делінген хабарламада.
Сот сондай-ақ бұрын белгіленген алименттік міндеттемелерді тоқтатты.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк жасөспірімдер мен зейнеткерлерді сақ болуға шақырды