Абай шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағы таныстырылды

22.12.2025 19:41

Ақын мұрасы заман талабына сай цифрландырылды

Абайтану ғылымының жаңа дәуірі. Хәкімнің 180 жылдық мерейтойына орай Алматыда өткен конференцияда ғалымдардың көпжылдық еңбегінің жемісі, Абай шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағы таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар ақынның әр сөзін, қолжазбасын қайта сүзіп шығып, ең дәл нұсқасын дайындаған. Бұған қоса Абай әлемі енді сандық форматқа көшті: арнайы электронды платформа іске қосылып, ақын мұрасы заман талабына сай цифрландырылды. Конференцияға жиналған абайтанушылар мен жас зерттеушілер бұл қадамды ұлттық мәтінтану саласындағы ірі белес деп бағалап отыр.

«Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында қалыптасқан Абай мұрасының барлық нұсқаларын біз цифрлық форматқа, цифрлық корпусқа көшірдік. Бүкіл Абай мұрасының пунктуациясынан бастап-әрбір сөзіне дейін, әрбір өлеңінің жазылу мәнеріне дейін түгел анықталып, осыған үлкен құрмет түсініктер жазылды», – деді М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов.

«Нұрсейіт қолжазбалары, Ахат қолжазбалары, Тұрағыл қолжазбалары дейміз, сол қолжазбаларыдың барлығы қайта қаралды. Оларға кодикологиялық зерттеулер жүргізілді. Бізге дейінгі жарияланған басылымдар, 1930 жылдан бастап 2020 жылға дейін басылымдардың барлығына салыстырлмалы мәтінтану жасалынды, кейбір ерекшеліктер қайтадан қаперге алынып, соларды бір ізге түсірдік», – деді ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр.

Оқи  отырыңыз: Өңірлік журналистика қиын кезеңді бастан өткізіп жатыр: Алматыда мамандар бас қосты