Абай мұрасын дәріптеген үздіктер марапат төрінен көрінді
Байқаудың мақсаты – қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалап, Абайдың адамгершілік мұрасын дәріптеу
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек». Абайдың осы өсиеті «Толық адам» ілімінің негізгі мәнін айқындайды. Алматыда ақынның рухани мұрасын насихаттауға арналған қалалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сайыс үш бағыт бойынша ұйымдастырылған. «Ыстық қайрат» жауапкершілік пен белсенділікті дәріптесе, «Нұрлы ақыл» білім мен зияткерлікті қамтиды. Ал «Жылы жүрек» қайырымдылық пен волонтерлікке арналған.
Байқаудың мақсаты – қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалап, Абайдың адамгершілік мұрасын дәріптеу. Қорытынды бойынша үздік деп танылған қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Сонымен қатар ақын шығармашылығына арналған викторина ұйымдастырылды.
«Өз еліне адал қызмет ету, жанашыр болу, еңбегін адал атқару. Осы құндылықтардың барлығын Абай шығармалары арқылы жастар мен азаматтарға жеткізіп, оның бүгінгі күнге дейін өміршең екенін көрсеткіміз келеді», – деді Қоғамдық даму орталығының директоры Айдар Есенбеков.