Абай облысында бес күн бұрын жоғалып кеткен малшы табылды

22.03.2026 17:19

ТЖМ мамандары алыс аймақтарға шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады

Видеодан кадр

Абай облысында жоғалып кеткен малшы бес күннен кейін аман табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

ТЖМ хабарлауынша, кеше түнде құтқару қызметіне ер адамның жоғалғаны туралы хабар түскен. 1969 жылы туған азамат 17 наурыз күні Абай облысы Абай ауданындағы шаруа қожалығынан мал іздеуге атпен шығып, қайта оралмаған. Оның нақты қайда екені белгісіз болып, ұялы телефоны да сөндірулі болған.

Іздеу жұмыстарына ТЖМ қызметкерлері, полиция және туыстары жұмылдырылып, жоғары өтімді техника пайдаланылды.

Бүгін таңертең іздеу тобы ер адамды далада тауып алды. Оған алғашқы көмек көрсетіліп, ыстық шай берілді, жарақаттанған аяғына таңғыш салынды. Кейін медициналық көмек көрсету үшін Ақшоқы ауылына жеткізілді.

"Алдын ала мәлімет бойынша, малшы бес күн бұрын далада жатқан атты көріп, оны тұрғызбақ болған. Сол сәтте аттың астында қалып, аяғын сындырып алған. Салдарынан өз бетінше қозғала алмай, елді мекеннен жырақта жалғыз қалған. Осы уақыт ішінде ол қар жеп жан сақтаған. Мамандардың айтуынша, ауа райының салыстырмалы түрде жылы болуы үсіп кетудің алдын алған", - делінген хабарламада.

ТЖМ мамандары алыс аймақтарға шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, өзіңізбен бірге байланыс құралдарын алып жүру, баратын бағытыңызды жақындарыңызға хабарлау және жалғыз жолға шықпау қажет.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде «Жыраулар жолымен» жыр жобасы әлемдік рекордтар тізіміне енді