Жоспарланған алты мұнараның тек біреуінің ғана қаңқасы тұрғызылған
Абай облысында құрылыс компаниясы үлескерлерден заңсыз 1 миллиард теңге жинаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сорақысы сол, 2024 жылы сот аталған мердігер ұйымды әкімшілік жазаға тартып, бой көтере бастаған нысанды салуға шектеу қойған. Өйткені, компания басшылығы екі жыл бойы ешқандай құжатсыз, рұқсатсыз тұрғын үй кешендерін салумен айналысыпты. Тіпті азаматтардан қаржы тарту үшін әлеуметтік желілерде арзан пәтерлер пайызсыз, бөліп төлеу арқылы сатылатыны туралы жарнама жасаған.
Ал жоспарланған алты мұнараның тек біреуінің ғана қаңқасы тұрғызылған. Сот үкіміне қарамастан, компания басшылығы жоба сәтті жүзеге асып жатқандай көрініс жасап, халықты алдауды жалғастыра берген. Соның нәтижесінде 64 азаматпен жалған брондау шарттары жасалған.
«Түскен қаражат Өскемен қаласындағы басқа да байланысы бар компаниялардың шотына аударылып, онда да заңсыз құрылыс жұмыстары жүргізілген. Залалды өтеу және үлескерлердің мүдделерін қорғау мақсатында күдіктілердің мүлкіне – 2 пәтерге, 10 жер учаскесіне және 6 автокөлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушы қамауға алынды», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Шығын 5 млн теңге: Жетісуда мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды