Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, құқықбұзушылықтардың дені мас күйде жасалады
Абай облысында кафе иелері ішімдік сатудан бас тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
6-11 мамыр аралығында Абай облысының аумағында “Алкогольсіз аула” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шараның басты мақсаты – тұрғындарға қауіпсіз, тыныш орта қалыптастыру, тұрмыстық қылмыстардың алдын алу және қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуды азайту.
Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, құқықбұзушылықтардың дені мас күйде жасалады. Осыған байланысты Абай облысының полиция қызметкерлері жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп, құқық бұзушылықтарға жол бермеу бағытында нақты шаралар қабылдауда. Полиция қызметкерлерінің тұрақты рейдтері, қоғамдық орындардағы бақылау және түсіндіру жұмыстары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге орасан үлес қосып отыр.
— Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір рейд, әрбір түсіндіру жұмысы – қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтау үшін жасалуда. Біз азаматтардың өз үйлерінде, көшелерде және қоғамдық орындарда қауіпсіздік сезінуіне кепіл боламыз, – деді Абай ауданы полиция бөлімінің бастығы Қаратаев Ержан
Профилактикалық іс-шара барысында Абай ауданы Қарауыл ауылындағы “Еңлік-Димаш” кафесінің иесі өз еркімен спирттік ішімдіктерді сатудан бас тартты. Бұл қадам қоғам үшін маңызды әрі үлгі боларлық әрекет болып отыр. Қазіргі таңда Қарауыл ауылындағы кафелердің барлығында алкоголь өнімі сатылмайды, ал полиция қызметкерлері тұрақты бақылауды жалғастырып, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуде.
— Біз өз ауылымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын бірінші орынға қоямыз. Полициямен бірлесе отырып, спирттік ішімдіктерді сатуды тоқтату арқылы қоғамға үлгі көрсеткіміз келеді. Ауыл тұрғындары мен балаларымыз үшін қауіпсіз орта қалыптасуына өзіміз де үлес қосқымыз келеді, – деді “Еңлік-Димаш” кафесінің иесі.
Полиция тұрғындарға үндеу жасайды: қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың борышы. Алкогольсіз ортаға атсалысып, отбасыңыз бен қоғам үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Оқи отырыңыз: Түркістанда терең құдыққа құлап кеткен әйел құтқарылды