Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады
Интернет – заңсыздыққа жол беретін кеңістік емес. Әрбір құқық бұзушы анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылады. Бұл жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Абай облысының полиция қызметкерлері TikTok платформасындағы құқыққа қайшы тікелей эфирді анықтады. Эфир барысында бойжеткен балағат сөздер айтып, әдепсіздік көрсетті және есірткі қолданатынын мәлімдеген.
Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады. Құқық бұзушы Түркістан облысының тумасы, Семей қаласында уақытша тұрған 26 жастағы Азиза Қоқанова болып шықты.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол алкогольдік масаң күйде болған.
Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Интернеттегі әрбір осындай тікелей эфир, заң мен қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір фактісі тиісті түрде құқықтық тұрғыдан бағаланып, тиісті шаралар қабылданады.
Мұндай құқықбұзушылықтарды анықтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Заң — баршаға ортақ.
Оқи отырыңыз: Шомылу маусымы: ІІМ қауіпсіздік ережелерін сақтауға үндеді