Абырой биігіндегі ардагер: Жамболат Әшербеков өмірін құзырлы орган қызметіне арнаған

09.05.2025 17:33

Ол соғыс кезінде әскери салық жинау жұмыстарына араласып, 18 жасында майданға аттанған

9 мамыр ел тарихына ерлік пен өрліктің символы болып енді. Жауған оқтың астында жүріп жанкештілікпен Жеңіс күнін жақындатқан ата-әжелеріміздің алдында бүгінгі ұрпақ бас иеді. Ерлік пен жауапкершілік, адал қызмет пен отансүйгіштік ұлықталатын айтулы датада Amaty.tv тілшілері өмірін құзырлы орган қызметіне арнаған 99 жастағы соғыс ардагері Жанболат Әшербековпен сұхбаттасып, ерлігін еске алуды жөн көрді.

Елдік мүддені бәрінен биік қойған Жанболат Әшербеков соғыс кезінде әскери салық жинау жұмыстарына араласып, 18 жасында майданға аттанған. Шайқастың соңғы жылдарында әскери борышын сонда атқарды. Қызметтегі алғырлығы мен адалдығы үшін оған «Отан соғысының ардагері», «Германияны жеңгені үшін», «Мінсіз әскери қызмет», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдары табысталған. Қазір ардагердің қоржынында 20-дан аса төсбелгі бар.

«Жеңіске 80 жыл толады. Мадина екеуіміз жұмыс істедік. Прокуратурада 30-40, ал ҰҚК-да 50 жыл қызмет еттім. Қазір жасым 100-ге келді. Аман-есен болыңдар, айналайындар», – деді ҰОС ардагері Жанболат Әшербеков.

Майданнан кейін де Жамболат Әшербеков ерлік жолын жалғастырып, құқық қорғау органдарында жауапты қызмет атқарды. Прокуратурада тергеушіден бастап, басқарушы қызметтерге дейін көтерілді. Орталық Азиядан қиыр Шығысқа дейін күрделі қылмыстық істерді тергеумен айналысқан. Қызмет барысында ол жұбайымен танысып, отау құрды.

«Жанболатпен 58 жыл біргеміз. 2 бала, 8 немеренің қызығын көріп келеміз. Біздің әулетіміздің алтын діңгегі – Жанболат. Ерлігі бала-шағамызға өнеге. «Батырдан батыр туады» демекші, ол Қанжығалы Қабанбай батырдың алтыншы ұрпағы. Біздің мақтанышымыз, тірегіміз», – деді Ж. Әшербековтің жары Мадина Әшербекова.

Абыройлы ардагер 77 жасына дейін өз ісіне адал еңбек етті. Бүгінде оның өмір жолы — заң мен құқық қорғау саласына аяқ басқан жас мамандарға өнеге, ұрпаққа – мақтаныш.

Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз:  Жеңіс пойызы: майданға жүк жеткізген көлік қайта қалпына келтірілді