«Адал азамат» – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің біртұтас бағдарламасы
Мамандардың пікірінше, баламен болашағы туралы сөйлесу оның өз мүмкіндігін танып, өмірлік бағытын айқындауына ықпал етеді
Президент ұсынған «Адал азамат» идеясы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған біртұтас бағдарламаға негіз болды. Оның мақсаты – адал, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу. Бағдарламада мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға басымдық берілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елордалық Нұрай Қуатбекқызы 11-сыныпта оқиды. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Нұрай екінші жыл қатарынан оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымында жұмыс істейді. Қазір ол – мектеп президенті. Жасөспірім бұл міндетті атақ емес, үлкен жауапкершілік деп қабылдап, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға ұмтылады.
– Бұл міндеттің үлкен жауапкершілік екенін сезіндім. Өйткені мектептегі іс-шараларды ұйымдастыруға, тазалық пен тәртіпті сақтауға атсалысасың. Сондықтан мектеп президенті болуды үлкен абырой деп санаймын, – деді №100 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Нұрай Қуатбекқызы.
Нұрай білім алатын елордадағы №100 мектепте «Адал азамат» бағдарламасы күнделікті тәрбие жұмысына енгізілген. Ұстаздар оқушыларға үлкенді сыйлау, әдеп сақтау, тазалыққа жауапкершілікпен қарау және ұлттық құндылықтарды құрметтеуді үйретеді. Ал кәсіби бағдар мен өзін-өзі басқару жобалары балаларға өз қабілетін танып, болашақ бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Яғни мектептегі тәрбие жұмысы оқушыға білім берумен қатар, оның қоғамдағы мінез-құлқы мен жауапкершілігін қалыптастыруды көздейді.
– Дүйсенбі – Әдеп күні. Бұл күні оқушыларға амандасу әдебінен бастап, мұғалімді сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді құндылықтарды үйретеміз. Ал сейсенбі – Денсаулық күні. Сабақ басында жаттығу жасап, балаларға денсаулықтың маңызын және спорт пен денсаулықтың өзара байланысын түсіндіреміз, – деді №100 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Жібек Капсалямова.
Сарапшылар жүргізген сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 93,9 пайызы мектепті бала тәрбиесіндегі сенімді серіктес ретінде көретінін айтқан. Сондай-ақ талдау ата-ана мен бала арасындағы ашық қарым-қатынастың маңызды екенін көрсеткен. Мамандардың пікірінше, баламен болашағы туралы сөйлесу оның өз мүмкіндігін танып, өмірлік бағытын айқындауына ықпал етеді.
– Баласымен болашағы туралы сөйлесетін респонденттердің үлесі 56,9 пайызды құрайды. Ата-ана мен бала арасында берік әрі жақсы қарым-қатынас қалыптасса, баланың «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында өзін тұлға ретінде танып, алға қойған мақсатына жету мүмкіндігі де арта түседі, – деді Қазақстандық қоғамдық даму институты Отбасы және гендерлік саясат орталығының сарапшысы Рашид Кемелбек.
Ұрпақ тәрбиесі мектеппен ғана шектелмейді. «Адал азамат» бағдарламасында мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға ерекше мән берілген. Оның аясын кеңейтіп, жалпыұлттық сипат беру жөніндегі міндетті Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда көтерген. gov.kz
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Almaty TV, Астанадан.