Адалдықтың үлгісі: Атыраулық оқушылар қомақты қаражатты иесіне қайтарды

23.11.2026 22:00

Атырауда алтыншы сынып оқушылары көшеден тауып алған 300 мың теңгеге жуық ақшаны полицияға тапсырды. Алан мен Абылайдың бұл әрекеті көпке үлгі болды. Бүгін жасөспірімдерді облыстық Полиция департаментіне шақырып, адалдықтары үшін марапаттады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Атыраулық алтыншы сынып оқушылары Алан мен Абылай осы қасиеттің жарқын үлгісін көрсетті. Олар спорттық үйірмеден қайтып келе жатқанда жол бойынан әмиян тауып алған. Ішінде қомақты қаражат барын байқаған балалар оны өздеріне қалдырмай, бірден полиция қызметкерлеріне тапсырған.

«Біз кетіп бара жатқанда, Алан жерден әмиян тауып алды. Ашып қарасақ, іші толған ақша екен. Содан біраз күтіп тұрдық. Алыстан полиция көлігін көрдік. Мен оны тоқтатып: “Ақша тауып алдық. Ішін санаған жоқпыз, тиіскен жоқпыз”, – деп әмиянды полицияға бердім», – деді оқушы Абылай Амантайұлы.

Полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы әмиянның иесін анықтады. Жоғалған қаражат иесіне қайтарылды. Белгілі болғандай, әмиянын жоғалтқан әйел балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ал адалдық танытқан оқушылар облыстық Полиция департаментінің арнайы марапатына ие болды.

«Біріншіден, бұл олардың полицияға деген сенімін көрсетеді. Ең бастысы, мұның бәрі отбасындағы ата-ананың және мектептегі мұғалімдердің берген тәрбиесінің нәтижесі деп есептейміз. Біз бейнебақылау камераларын тексеріп, әмиянның қалай түсіп қалғанын анықтадық. Кейін иесін шақырдық. Ол әмиянын танып, ішінде қанша ақша болғанын да нақты айтып берді. Жоғалған қаражатын қайтарып алып, қатты қуанды», – деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров.

Көшеден табылған қомақты қаражатты иесіне қайтарған балалардың әрекеті – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық іс. Адалдық пен жауапкершілікті бойына сіңірген жасөспірімдердің қадамы көпшілікке өнеге. Мұндай тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда отбасы мен мектептің рөлі ерекше.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан, Almaty TV.

Толық көрсету