«Адам капиталынан жаңа логистикаға дейін: сарапшылар Президент бастамаларының экономикаға тигізер әсерін айтты
Қазақстанда 2027 жыл – Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жарияланды.
Қазақстанда 2027жыл – Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жарияланды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтты. Яғни, келер жылдан бастап елдің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып, қайта жаңғыртылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға ғана қатысты емес. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет». Халыққа жолдауында ең алдымен осы бастаманы көтерген Мемлекет басшысы келер жылдан күтер үміт көп деді. Өйткені, жаңа бағдарлама азаматтардың әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерліктің өркендеуіне, ұлттық экономиканы ілгерілетуге зор ықпал ететін ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. Оның аясында бірінші кезеңде өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталып, елдімекендерге газ бен таза су тартылмақ.
Үкіметтің ендігі міндеті – жыл соңына дейін нақты жобалардың тізімін дайындау. Ал сарапшылар Президенттің бұл бастамасына оң баға беріп отыр. Сөздерінше, бұл қозғалыс – халықтың тұрмысын жақсартып қана қоймай, экономиканы жандандырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек.
«Халықтық құрылыс» бастамасының негізгі мәні – ұлттық экономикада жатыр деп ойлаймын. Себебі, кез келген экономика бүгінгідей күнде жүйелі инфрақұрылымға тәуелді. Ол бір. Екіншіден, ұлттық экономиканың екінші бір маңызды саласы бұл – адам капиталы. Бұл тұрғыдан Мемлекет басшысының ұлттық құрылыс жобасын жариялауы еліміз бойынша әлеуметтік маңызы бар медицина, әлеуметтік жобалар және мектеп, оқу орындарын көптеп ашуға үлкен бір қадам болып отыр. Жалпы ұзақ мерзімді алған кезде ауыл мен қала арасындағы білім ерекшелігі, денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасы «Халықтық құрылыс» аясында ортақ стандартқа таланады», – деді «Тұран» университеті халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры Нұрболат Нышанбаев.
Президент Жолдауда ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту және агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударды. Былтыр сала шамамен 6 пайызға өсіп, өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті. Шаруаларды жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі де ұлғайды. Ендігі міндет – фермерлерге ұзақ мерзімді инвестициялық қолдау көрсетіп, өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік беру. Сонымен қатар отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін арттырып, ауыл шаруашылығына жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізу көзделіп отыр. Су ресурстарын тиімді пайдалану, суармалы егіншілікті дамыту және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру да маңызды бағыттардың бірі. Сарапшылардың пайымынша, осы шаралар жүйелі жүзеге асса, отандық азық-түлік өндірісінің әлеуеті артып, әлемдік нарықтағы орны да нығая түспек.
«Ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні, су үнемдеу технологияларын қолдану сияқты өзекті мәселелер айтылды. Сонымен бірге Түркістан, Қызылорда облыстарындағы соя, жүгері өндірісі, мақта өндірісі бойынша қолданылып жатқан технологияларды мысалға келтірді. Сондықтан, осы бағыттарда болашақта кадрлар дайындалып, жаңа технологиялар өндірістерге енгізіледі деп ойлаймын», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры Сейітхан Азатұлы.
Президент Қазақстанның Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық орталыққа айналуы үшін сапалы жолдар мен заманауи инфрақұрылым қажет екенін де баса айтты. Бұл бағытта халықаралық транзиттік бағыттардағы кедергілерді жойып, шекарадағы көлік кептелістерін азайту керектігін атап өтті. Сондай-ақ еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы әуе дәліздерін тиімді пайдалану үшін жерүсті сервистік инфрақұрылымды дамыту маңызды екеніне тоқталды. Бұдан бөлек, көлік саласын толық цифрландыру қажеттігіне де басымдық берді. Егер аталған бастама жүйелі жүзеге асса, сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның транзиттік бәсекеге қабілеттілігі артып, ел экономикасына түсетін табысты көбейтуге мүмкіндік тумақ.
«Қазақстанның географиялық орналасуын ескере отыра, көлік инженерия бағытын қарқынды дамыту керек. Көлік инженерия саласын қарқынды дамыту үшін білім ордалары мен кәсіптерді, мамандар даярлау және де өндіріспен байланысты тығыз арттыру керек. Жолдауында көлік хабын салу туралы айтты. Бұл дегеніміз өсіп келе жатқан ұрпаққа және еліміздің экономикасына оңтайлы ықпалын тигізетініне сенімдімін», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ «Көлік инженериясы» білім беру бағдарламасының басшысы Нұрбол Қамзанов.
Президент айқындаған үш бағыт та елдің ұзақ мерзімді дамуына тікелей ықпал ететін стратегиялық міндеттерді қамтиды. «Халықтық құрылыс» өңірлердің инфрақұрылымын жаңғыртса, ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан дамыту азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Ал сапалы жолдар мен заманауи көлік инфрақұрылымы Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін толық пайдалануға жол ашады. Алайда бұл бастамалардың нәтижелі жүзеге асуы - қаржыны тиімді жұмсаумен, сапаны қатаң бақылаумен және отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін кеңінен пайдаланумен тікелей байланысты болмақ.
Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек
Оқи отырңыз: Ерлан Қарин Президент Жолдауын іске асырудың үш негізгі міндетін атады