2017 жылы Жанар ішкі істер саласындағы қызметін бастады
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес – өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды». Осылай деген полиция лейтенанты Жанар Құрманғалиева бүгінде отбасылық мәселелерді назардан тыс қалдырмайды. Қоғам тыныштығын қадағалайтын ол аталған қызметте жан-жарымен қатар жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жанар ішкі істер саласындағы қызметін 2017 жылы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған соң бастады. Жастайынан әділеттілікті ту еткен ол бұл мамандықты кездейсоқ таңдаған жоқ. Оның пайымынша, ішкі істер қызметі – әрбір әрекетіңде байып пен жауапкершілік талап етілетін сала. Қазір Жанардың негізгі міндеті де осы. Анығырақ айтсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыс жүргізу. Маман бұл істі тек қызмет деп емес, қоғам алдындағы азаматтық парызы ретінде санайды.
«Әрбір жағдай жеке назарды қажет етеді. Біз тек мәселені шешіп қана қоймай, оның алдын алуға да тырысамыз. Адамдар қайда жүгіну керек екенін біліп, көмектің қасынан табылатынын түсінуі маңызды. Алдымен ол кісілерге түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз және профилактикалық әңгіме жүргіземіз. Адам өміріне өзгертуге және оны қорғау, нақты үлес қосу – мен үшін үлкен мотивация», – деді Сәтбаев қалалық ПБ тұрмыстық зорлық-зомбылық тобының инспекторы Жанар Құрманғалиева.
Жанар – өз ісінің шебері ғана емес, әріптестері арасында сыйлы, ұжымда беделді әрі тәжірибелі маман. Қатар қызмет істейтіндер оның сабырлы мінезін, іскерлігін және адамдармен тіл табыса білу қасиетін ерекше бағалайды.
«Қарағанды облысы Теміртау қаласында арнайы оқу орталығында қызметті бірге бастадық. Қызмет саласында өзін ұқыпты тиянақты, салмақты маман ретінде көрсете біледі. Қазір Сәтбаев қаласында полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жұмыстарын атқарады. Өзін жақсы жағынан танытып жүр», – деді Сәтбаев қалалық ПБ тәрбие және кадр тобының аға инспекторы Жансая Омарова.
Айта кетейік, Жанардың жұбайы да осы салада, атап айтқанда жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлінісінің аға инспекторы болып қызмет етеді. Бүгінде олар – бір ұлды тәрбиелеп отырған жас отбасы. Қызметте қатар жүрген олар үшін әуелгі байлық – отбасы мен Отанның тыныштығы. Ал екінші басымдылық – тәртіп пен тәрбиеде.
Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Алматыда тағы бір бағытта жаңа электр автобустары пайдалануға беріледі