АЭС салынса, қауіпсіздік басты назарға алынады – сарапшылар

19.09.2024 20:09

Ғалымдар қарсы айтылған аргументтерге ғылыми түрде жауап берді

elements.envato.com

«Елімізде атом электр стансасы салынатын болса, қауіпсіздік басты назарға алынады». Сарапшылар осылай дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Cондай-ақ сала мамандары соңғы жылдары қуат көзінің тапшылығы мен тұрақсыздығы айқын сезіле бастағанын тілге тиек етті. Оның үстіне, бағасы да қымбат дегенді айтады. Алайда бірқатар белсенді атом электр стансасына қарсы пікір білдірген. Ғалымдар олар айтқан аргументтерге ғылыми түрде жауап берді.

Атом электр стансасы – қазір қызу талқыдағы тақырып. Бірнеше күннен бері бір топ белсенді азамат «Қазақстанда көмір қоры жеткілікті, АЭС неге керек?» десе, ғалымдар мұндай станса салу елдегі экология мәселесін шешудегі маңызды қадам дейді. Ал апат болып немесе радиоактивті материалдар ағып кетсе, Балқашқа залал тиеді деген де әңгіме айтылған.

«Радиоактивті қалдықтар АЭС салынғанда болмайды. Оны біз тура айтуымыз керек. Неге десеңіз, бір жыл жұмыс істесе, 20 тонна радиоактив келесі буын реакторларының отыны боп шығады. Радиоактивті қалдықтар болмайды», - деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты бөлімінің басшысы Дәурен Әбен.

Ел арасында атом электр стансасы үшін қажет уранды еліміз байыта алмайды деген әңгіме де айтылып жүр. Сәйкесінше, шығыны да көп деген пікір бар. Ал мамандар АЭС-те қолданылатын байытылған уранның үлесі 4-ақ пайыз әрі оның біздегі қоры үлкен деп отыр. 

«Уран өндіру бойынша Қазақстан бірінші орында тұр. Қоры бойынша екінші орында тұр. Сол себепті бізде уран таблеткалары Өскеменде шығады. Солай біз өзімізді уранмен, басқаша айтқанда, отынмен қамтамасыз ете аламыз. Бірақ байыта алмаймыз, өйткені байыту тек рұқсат етілген мемлекеттерде ғана іске асырылады. Ол байытылғаннан кейін біз өзіміз жинап, қамтамасыз етеміз», - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішев.

Бұдан бөлек, сала мамандары Атом электр стансасына қойылатын халықаралық стандарттар мен өзіндік талаптар бар дейді. Оның барлығы ескерілмейінше, еш мемлекет АЭС құрылысына өздігінен кірісе алмайды дегенді айтады.  

«Қандай да энергия көзін өндіретін станса болмасын, бәрінде сәйкесінше халықаралық талаптар орындалу керек. Біріншіден, оны МАГАТЭ мақұлдауы керек, яғни онымен кемінде биліктің екі тармағы жұмыс істейді. Бірі – орындаушы, демек, Үкімет. Тек ол жерде Энергетика министрлігі емес, Экология министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі және басқалары және сол жердегі жергілікті билік бар», - деді Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев.

Айта кетейік, елде атом электр стансасын салу жөнінде жалпыхалықтық референдум 6 қазанда өтеді.

Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы