Ағайындылар өз қылмысын телеграм мессенджері арқылы жүзеге асырған
Талдықорғанда «есірткі жасырушы» болып жұмыс істеген жасөспірім қамауға алынды. 16 жастағы бозбала мұндай қылмысқа «әлеуметтік желіден тиімді жұмыс» деген хабарлама арқылы тап болғанын айтқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Анонимді хабарласқан жұмыс беруші оған жоғары айлық ұсыныпты, осылайша ол өзінің ағасымен тапсырмаларды орындай бастаған. Өзін жасырын ұстаған қожайын оларға синтетикалық заттарды тығатын орындарды телефон арқылы хабарлап отырған көрінеді. Ал полиция қызметкерлері ағайындылардың үйін тінту барысында ірі мөлшердегі есірткі заттарын тәркілеген.
Атап айтсақ, тәртіп сақшылары ұнтақ заты бар пластикалық контейнер, электронды таразылар мен 522 грамм синтетикалық есірткі затын тауыпты.
«Ағайындылар өз қылмыстық әрекеттерін телеграм мессенджері арқылы жүзеге асырғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Халықова.
Оқи отырыңыз: Алматыда прокурорлар есірткі жарнамалаған телеграм-арналарды бұғаттады