Алматыда ашылған ауыл шаруашылығы көрмесінде "АлемВет" компаниясы бірегей өнімдерін ұсынды

30.10.2025 20:59

Ветеринарлық препарат жеткізумен айналысатын кәсіпорын 25 жыл бойы құс фабрикалары мен шаруа қожалықтарын емдік өніммен қамтамасыз етіп келеді

 

 

 

Алматыда «AgroWorld Qazaqstan 2025» атты ХІХ Орта Азиялық халықаралық көрме ашылды. Іс-шара аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген мамандар өз өнімін ұсынып, ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесін бөліседі. Ал оған қазірдің өзінде шамамен 200-ге жуық ұйым қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстандағы ветеринариялық препараттарды жеткізуші «АлемВет» компаниясы да бар. 25 жыл бойы еліміздегі құс фабрикалары мен шаруа қожалықтарын емдік өніммен қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіпорын жөнінде толығырақ Аlmaty.TV тілшісі тарқатады. 

1999 жылы «Новартис» компаниясының ресми өкілі Эльмира Ахметова мен Қазақстандағы «Интервет» компаниясының ресми өкілі Адам Капанов бірігіп, MSD Animal Health компаниясының дистрибьюторы ретінде «АлемВет» кәсіпорнын құрды. Компания сол кезден бастап жануар саулығын сақтау, өнімділікті арттыру, ауру түрін бақылау сияқты іспен айналыса бастады. Ал бүгінде ұжым Қазақстандағы 26 құс фабрикасы мен 70 ірі қара мал шаруашылығын қажетті препараттармен қамтамасыз етеді.

«Біз елдегі құс фабрикаларының басым бөлігін сапалы вакцинамен қамтамасыз етеміз. Соның арқасында көп қиындық шешімін тауып жатыр. Ал MSD Animal Health компаниясының вакциналарын қолдану арқылы, сауын малдың жағдайын жақсы деңгейде ұстап отырмыз. Жалпы айтқанда, мұның бәрі еліміздің биоқауіпсіздігіне оң әсерін тигізеді», - деді «Alemvet» ЖШС директорының міндетін атқарушы Игорь Глуховцев.

Компания өкілдері фермерлер арасында түрлі семинар, конференция өткізіп, түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Сонымен қатар «АлемВет» вакциналар мен ветеринариялық препараттарды тіркеу, енгізу және сервистік қолдау жұмысын да атқарады. Қазіргі таңда кәсіпорын агровакцина шығаратын ірі ресейлік ұйымдармен және зертханалармен ынтымақтастық орнатқан.

«Ғылыми зерттеулер кез келген жағдайда біздің өнімнің қорғаныс қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Нәтижелері жақсы. Бұл әрине, экономикалық көрсеткіштерге де қатысты. Сондықтан құс немесе коммерциялық ауыл шаруашылығында өнімнің маңыздылығы арта түседі», - деді дистрибуция директоры Вадим Раевский.

«Біз жүргізіп жатқан сынақтар бұл өнімнің қауіпсіздігін бағалауға бағытталған. Құстың саулығын қадағалау, түрлі аурудың алдын алу – жұмысымыздың маңызды бөлігі. Иә, қазір негізінен құс шаруашылығына басымдық беріп отырмыз, бірақ біз ірі қара дертіне де зерттеу жүргізе аламыз», - деді зертхана жетекшісі Максим Возняк.

Атап өтейік, компания құс пен үй жануарларына арналған вакциналардан бастап, ірі қара малға қажетті өнім, нақтырақ айтсақ, паразитке қарсы препараттарға дейін кең ассортимент ұсынады. Басшылықтың айтуынша, енді тізімді кеңейту жоспарланып отыр.

Рүстем Айткәрім, Амина Үсенова, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Президент Қызылорда облысының даму қарқынына оң баға берді