Аялдама жоқ: жолаушы тасымалдайтын газель жүргізушілері автобекет иесімен келісе алмай отыр

08.10.2024 21:00

Балпық би ауылынан Талдықорғанға қатынайтын аялдамаға қатысты дау шешілмей тұр

Жетісу облысында жолаушы тасымалдайтын газель жүргізушілері аялдамасыз қалмақ. Өйткені олар автобекет иесімен тұрақ бағасына келісе алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балпық би ауылынан Талдықорғанға қатынайтын аялдамаға қатысты дау туып тұр. Автобекет қожайыны мен кәсіпкер тұрақтың төлеміне келісе алмаған.

Бұған дейін әр жүргізуші автобекетке күніне 200 теңгеден төлеген, енді кәсіпкер әрқайсынан айына 15 мыңнан сұрап отыр. Ал  жүргізушілер бұған келіспейді. Олар 20 шақырым жерге күніне екі-ақ рет қатынайтынын айтты. Ал жол ақысы 300 теңге. 

"Машина көп, адам жеткіліксіз. Күніне 2 рейс қатынаймыз. Ешкімнің қалтасы көтермейді. Барлығы машинаны қарыз алған. Әрең жанын бағып жатыр", – деді  жүргізуші Еркінбек Базарбек.

"1 қарашаға дейін рұқсат береміз, одан кейін кіргізбейміз" дейді. Себебін "келісімшартқа отырмадыңыз" деп түсіндірді. Автостанция ретінде өқжаты жоқ. Көлік тұрағы ретінде төлем жасайық десек,  15 мың теңгеден түспейді", – деді ЖШС директорының орынбасары Күнсұлу Бикешова.

Ал кәсіпкер автобекетті несиеге сатып алған. Кредит жабуға қаражат жетпегендіктен қызмет құнын көтерген. Ал екінші тарап бұған келіспесе, сотқа жүгінетінін айтты.   

"Бұл жерде 2 мемлекеттік акті бар. Екеуінің де автобекет статусы бар. Қосымша  сауда орындарын аштық. Адамдар түрлі дүние сатып, отбасын асырап отыр. Ауданға салық төлейміз. Аудандық әкімдікпен  бірге құжат жасадық", – деді  автобекет иесі Абай Қаташ.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкер автобекет иесінің уәжімен келіспейді. Ол «бұрын бұл жер ортақ мақсатта пайдаланылатын жер болған, қалай жекеменшікке өтіп кеткенін құзырлы орган тексерсін» деп отыр.

"Нақты қай жылы берілгенін айта алмаймын. Ол құжатпен танысып жатырмыз, заңдылығын көреміз. Содан кейін жауабын айтамыз", – деді Көксу аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан Егінбаев.

Бұл даудың ұзаққа созылатын түрі бар. Соңғы сөзді сот айтады. Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, қоғамдық көлік аялдамасына беретін басқа жер жоқ.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов

Оқи отырыңыз: Қанды қылмыс: Талғардағы 16 жастағы баланың өліміне қатысты іс қайта қаралады