Аида Балаева мәдениет қызметкерлерін Халықаралық музейлер күнімен құттықтады

18.05.2026 09:40

Елімізде қорларында 4,5 млн жәдігер сақталған 286 музей жұмыс істейді

Depositphotos

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелері — Халықаралық музейлер күнімен шын жүректен құттықтады. Өз құттықтауында ол музейдің өткенді бүгінмен жалғайтын киелі кеңістік екенін, ал ұлттық мұра мен мәдениет келер ұрпаққа түпнұсқа жәдігерлер, құнды құжаттар мен археологиялық олжалар арқылы аманат болып жететінін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Бүгінде Қазақстанның музей саласы – ауқымды әрі қарқынды дамып келе жатқан жүйе. Елімізде 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған, ал музейлерге жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді. Бұл сандардың артында көрмелерге деген қызығушылық қана емес, қоғамның өз тарихын танып-білуге, мәдени сабақтастықты сақтауға деген терең сұранысы тұр», – деді Аида Балаева.

Ведомство басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи сананы жаңғыртуға және адам капиталын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын еске салды. Жаңа Конституцияда мәдениет, білім мен ғылым жасампаз қоғам қалыптастырудың маңызды негіздері ретінде айқындалған. Бүгінде еліміздің музейлері заманауи ғылыми-зерттеу және ағартушылық орталықтарға айналды. Тек өткен жылдың өзінде республикалық музейлер 1,5 мыңнан астам іс-шара мен 187 көрме ұйымдастырып, оларды 800 мыңға жуық адам тамашалады. Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Алтын Орда» залының ашылуы мен «Қазақстанның Тәуелсіздігі» залының реэкспозициясы тарихты жаңаша тануға жол ашты.

Саланы цифрландыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда:

  • Келушілерге ыңғайлы болу үшін электронды кіру жүйесі енгізілді.
  • Еліміздің барлық 20 өңірінен 284 музейді біріктірген E-museum бірыңғай цифрлық кеңістігі дамып келеді.
  • Цифрлық каталогқа музей қорының 66 мыңнан астам бірлігі енгізілді.
  • 750 үшөлшемді (3D) модель жасалып, 15 виртуалды тур қолжетімді болды.

Сөз соңында министр бүгін кешке еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Музейлер түні» акциясы өтетінін атап өтті. Тұрғындар мен қонақтар үшін есіктер ерекше форматта ашылып, кешкі экскурсиялар, интерактивті бағдарламалар мен шығармашылық кездесулер ұсынылады. Аида Балаева барша музей қызметкерлеріне кәсіби адалдығы мен ұлттық мұраға деген жанашырлығы үшін шынайы алғысын білдірді.

Оқи отырыңыз:  Nuctech жобасы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға серпін береді