Қыруар қаржы жұмсалып, үлкен үмітпен іске қосылған «Aitu» мессенджерін бүгінде бір миллионнан астам адам ғана қолданады екен, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай деректі Сенат кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект министрі мәлімдеді. Сөзінше, аталған ақпараттық жүйе дамып келе жатыр. Қолданушылардың саны туралы статистика да жиі жасалып тұрады екен.
Еске сала кетейін, ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жаслан Мәдиев отандық өнімді 700 мың адам пайдаланады деген еді. Бұл санға күмәнданған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәліметтің дәлдігін тексеруді тапсырған болатын. Ол «Aitu» мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғанын айтып, тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды деп сынаған еді.
«Aitu мессенджері дамып келе жатыр. Бұл жай ғана мессенджер емес, ол — ауқымды цифрлық экожүйе. Өйткені, ішінде тағы да басқа ақпараттық жүйелер де бар. Сол айту экосистемасы дамып жатыр. Қазіргі таңда, бүгін де миллионнан астам адам қолданушы бар. Осы эко системаның ішінде. Осы мәлімет дұрыс. Енді бүкіл статисткаларға қарап, оны тексеру қажет қой. Енді біз тексердік, қазіргі таңда миллионнан астам қолданушы бар», – дейді Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.
Министрдің айтуынша, платформа жай ғана мессенджер емес, құрамында бірнеше ақпараттық жүйелер біріктірілген ауқымды экожүйе ретінде дамып келеді. Президент тапсырмасынан кейін барлық статистикалық мәліметтер қайта сараланып, қазіргі көрсеткіштің шынайылығына көз жеткізілген.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы