Аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс – Президент

depositphotos
depositphotos
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту үшін фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыру жүйесін жетілдіру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің мәліметінше, былтыр ауыл шаруашылығы шамамен 6%-ға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті. Ал жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған.

Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отыр. Осыған байланысты Үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ететін тиімді тетіктер енгізу міндеті қойылды.

Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібіндегі жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуетті жобалар тізімін әзірлеген. Мемлекет басшысы оларды іске асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген қаржыландыру мәселесін жедел шешуді тапсырды.

Президент ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажеттігін де атап өтті. Атап айтқанда, елімізде өндірілетін сапалы тракторлар мен комбайндардың санын көбейту арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру көзделіп отыр.