Құрбандыққа шалынатын малдың түрі мен жасына қатысты арнайы талаптар бар
Елімізде Құрбан айт мамырдың 27-сі басталып, 29-ына дейін жалғасады. Мұсылмандар мерекесі биыл жылдағыдан ерекше өтпек. Діни басқарма өкілдері «Айт - татулық мерекесі» атты акция ұйымдастырып, бір-бірімен ренжісіп, араздасқан ағайынның басын қосуға шақырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Күллі мұсылман үшін ұлық мерекенің басталуына санаулы күндер қалды. Құрбан айтқа мешіт имамдарының дайындығы ерекше. Алла үйіне жиналатын жамағатты ұлттық киіммен қарсы алып, киіз үй тігіп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар республика бойынша «Айт – татулық мерекесі» атты акция ұйымдастырып, туған-туыс, бауырлардың арасында жылдар бойы жиналған реніш пен өкпені ұмыттырып, жұртты берекеге шақырмақ.
«Әртүрлі жағдайда бір-біріне ренжіп жүрген достар, бауырлар, ағайындар, әріптестер болатын болса, ренішті ұмытып, айтта бір-бірімен татуласып, мерекені атап өтуге шақырамыз. Айттау мәдениетін қалыптастырсақ. Бұл жерде айттау дегенде аста төк дастарған жаю емес. Мақсат – қарапайым ғана кішігірім мерекелік дастархана дүниеден өткендерге құран бағыштап, бір шәугім шайды бірге ішіп, мерекені сезіну», – деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан
Айттағы абзал құлшылықтың бірі – құрбан шалу. Қасиетті мерекеде қалтасынан қаржы шығарып, сауапты ғибадатты орындауға ниет еткендерге діни басқарма онлайн құрбан шалуға да болатынын айтады. Ол үшін арнайы сайт әзірленген. Онда өзіңіз қалаған малды таңдап, тапсырыс беріп ізгі амалға үлесіңізді қоса аласыз.
«Сайт арқылы қой немесе ешкі немесе ірі-қара түйеге тапсырыс беруге болады. Сол тапсырыстарына қарай Құрбан айт күндері «сіздің құрбандығыңыз шалынды, Алла қабыл етсін» деп видео жолдап, есеп береді. Сонымен қатар сол күнгі малдың етін мұқтаж отбасыларға таратылғанын азан.кз-тен көре аласыздар» – деді ҚМДБ жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Бауыржан Көптілеуов.
Айт жақындаған сайын төрт-түлікке сұраныс артатыны анық. Дегенмен таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы міндетті. Негізінен қой, ешкі, сиыр мен түйе - құрбандық малдары болып саналады.
Құрбандыққа шалынатын малдың түрі мен жасына қатысты арнайы талаптар бар. Мысалы қой мен ешкі 1 жастан асуы тиіс. Қаладағы базарларда олардың төлдерінің құны 80 мыңнан теңгеден басталып 200 мың теңгеге дейін бағаланған.
«Нарықта малдың бағасы 80 мың таңгеден 200 мың таңгеге дейін сатылып жатыр. тыр малдың бағасы. Мал бағуда оңай емес, малдың бәрі шетке кетіп жатыр.Екі жасар мал 130 мың теңге», – деді саудагер Айбол Әбдірасулұлы
Тұрғындар үшін құрбандық шалуға қалада 12 арнаулы орын белгіленген. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдерінің айтуынша, малды белгіленген орындарда сойып, тазалық сақтаған абзал. Мереке күндері арнайы жұмыс тобы құрылып, базар мен сол маңдағы қасапхананың тазалығына тексеріс жүргізіледі. Егер талаптар сақталмаса, белгілі көлемде айыппұл салынып, жауапқа тартылатынын айтады.
«Құрбандық шалуды белгіленген орындарда ғана жүзеге асыру қажет екенін еске саламыз.Белгіленбеген жерлерде малды заңсыз сою фактісіне және ет өнімдеріне рұқсат беру құжаттарынсыз сатуға жол берілмейді. Мал сою барысында малдың қанымен, ішкі ағзаларымен терісі және етімен тікелей жанасады. Сол себептен сою жұмыстарын ветеринарлық санитариялық талаптарға сәйкес ұйымдастыруы міндеттеледі», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Қаткенова.
Қаланың барлық 56 мешітінде 27 мамырда 06:00-де Айт намазы оқылады. Осы күні ет қабылдайтын, ет тарататын пункттер жұмыс істейді. Өнімді сақтау мен тасымалдау үшін арнаулы мұздатқыш камералар мен көліктер де қарастырылған.
Ербол Медетбек, Ханкелді Ахметханов, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматыда Құрбан айтта 12 жерде ғана құрбан шалуға болады