Айтылды-орындалды: Алматыдағы Қазыбаев көшесі қалай өзгерді

05.11.2026 16:34
Almaty.tv

Алматыдағы күтімсіз жатқан аумақтар бүгінде өзгеше кейіпке еніп, тұрғындардың сүйікті серуен жолына айналып келеді. Мәселен, Жетісу ауданындағы Қазыбаев көшесі абаттандырылып, тұрғындар жайлы қоғамдық кеңістіктің бірі ретінде баға беріп отыр. Бір шақырымға созылған аумақта көгалдандыру және қалалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екі гектардан астам аумақтың ажары арта түсті. Алматыдағы Қазыбаев көшесінің бойында, Серіков және Палладин көшелерінің қиылысында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Ең алдымен аумақ тазартылып, 2 мың текше метр қоқыс шығарылыпты. Жер қыртысы дайындалғаннан кейін көгалдандыру жұмыстары басталған. Қазір көше бойына мыңдаған бұта отырғызылып, жасыл желекті 150 жас жөке ағашы толықтырған. Уақыт өте олар қалың саялы аллеяға айналып, тұрғындардың серуендеуіне қолайлы жағдай жасайды.

«Жетісу ауданында Қазыбаев көшесінде ауқымды абаттандыру жүргізілді. Абаттандыру барысында 21 мыңнан астам бұта отырғызылды,10 мың шаршы метрге жуық көгал төселді. Жарықшамдар және қоқыс жәшігі, орындықтар орнатылды», – деді Жетісу ауданы абаттандыру бөлімінің бас маманы Дастан Жаһан.

 Мамандар жасыл желектің жайқалып өсуі үшін оған күтім жасау мәселесін де ескерген. Мәселен, мұнда ұзындығы 11 шақырымға жуық автоматты суару және 3 шақырымнан астам тамшылатып суару желісі тартылған. Ал аумақтағы өзгеріске күн сайын осы аумақпен жүріп өтетін тұрғындар дән риза.

«Алматыда 15 жылдан бері тұрып жатырмыз. Аллеядағы жұмыстар  2 айда бітті. Әдемі! Әкімге рақмет!» – деді қала тұрғыны Сайлау Қалыбеков.

 «Құлагер ықшамауданында 40 жылдан бері тұрамын. Осынша уақыттан кейін айналамыздың өзгергеніне өте қуаныштымыз. Бұрын мұнда үнемі шаң болатын. Тұрғындар шаң көтеріліп жатқанына жиі шағымданатын. Жасыл желек те аз еді. Ал әкімдік Қазыбаев көшесін адам танымастай етіп жаңартып берді. Тұрғындар дән риза», – деді қала тұрғыны Рахилям Аширова.

Тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдету үшін де бірқатар жұмыс атқарылған. Көше бойына жаңа жарық бағаналары орнатылып, жол жабынының жекелеген бөліктері жаңартылды. Жол жиектері мен таңбалар да ретке келтірілген. Қазыбаев көшесі тұрғындар үшін жай ғана күнделікті жүріп өтетін жол емес, аялдап, тынығуға болатын жайлы қоғамдық кеңістікке айналды.

Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда ақылды көлік жүйесі пайда болуы мүмкін

Толық көрсету