Ақ дала 2026: Түркістан облысында мақта жинау науқаны қыза түсті

13.10.2026 15:58

Биыл өңірде 173 мың гектарға мақта егілді

Түркістан облысында «ақ алтын» жинау науқаны қызып тұр. Алқаптарына озық технологияларды енгізген оңтүстік диқандары биыл жарты миллион тоннадан астам өнім алуды межелеп отыр. Осы маңызды кезеңде Дүниежүзілік мақта күніне орай өңірде «Ақ дала 2026» фестивалі ұйымдастырылып, үздік еңбеккерлер марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Түркістанда 173 мың гектарға мақта егілді. Диқандар жиын-терін маусымында 556 мың тонна өнім алуды көздеп отыр. Мол өнімнің сыры — 91 мың гектар алқапқа су үнемдеу жүйесінің енгізілуінде. Инновациялық тәсілді алғашқылардың бірі болып меңгергендердің қатарында шардаралық шаруа Сейсен Қуан да бар. Ол 2012 жылы шетелге барып арнайы оқып келгеннен кейін, 175 гектар алқапты толық су үнемдеу жүйесіне көшірген.

"Дәрі шашудың өзі, бұрын трактормен шашып қыcым болмай, түбіне жетпейтін еді. Қазір дронмен шашамыз. Жаңа технологияның арқасында өнім жақсы көтеріліп, бұрын 20-30 центнерден аспайтын еді. Қазір гектарына 40 центнерден алып жатырмыз", - деді шаруа Сейсен Қуан. 

Бүгінде агросектор қара күшке емес, озық технологияға сүйенеді. Салтанатты жиында осы салада оза шапқан диқандар мен мамандарға Ауыл шаруашылығы министрлігінің марапаттары табысталды.
Қазір өңірдегі басты мақсат — мақтаны тек шикізат күйінде сату емес, оны терең өңдеп, дайын тоқыма өнімдерін шығару. Бұл бағытта да толық өндірістік тізбек құрылып жатыр.

"Мақтаны өсірумен шектелмей, одан түсетін табыстың көбірек бөлігін өз өңірімізде қалыптастыру. Осы бағытта мақта өсіруден бастап өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі толық тізбекті қамтитын елімізде теңдесі жоқ кластер қалыптасып келеді", - деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әлібек Плалов.

Өнім бар жерде, баға да қыза түсті. Биыл шитті мақтаның келісі 230 теңгеден қабылданып жатыр, мемлекеттік субсидиялар да қарастырылған. Ал 2030 жылға қарай өңірде 212 миллиард теңгеге 5 кластерлік жоба іске асырылмақ. Бұл шикізатты өз жерімізде терең өңдеп, 7 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда «Арқау» халықаралық көрмесі ашылады

Толық көрсету