АҚШ-та қазақстандық азаматтың мәйіті табылды ма: СІМ мәлімдеме жасады

15.06.2026 18:39

Марқұмның жеке басын ресми түрде растау әзірге мүмкін емес

АҚШ-та табылған мәйіт жоғалып кеткен Қазақстан азаматына тиесілі болуы мүмкін. Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев растады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның айтуынша, қазір құзыретті орган қажетті рәсімдерді жүргізіп жатыр. Сондықтан марқұмның жеке басын ресми түрде растау әзірге мүмкін емес.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та қазақстандық азаматтың жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені хабарланған. Әлеуметтік желілерде 24 жастағы Әсет Құралбайдың із-түзсіз кеткені жөнінде ақпарат тарады. Белгілі болғандай, ол Чикаго қаласы маңында тұрған. Соңғы рет жақындарымен байланысқа 2 маусымда шыққан. Алайда телефоны 7 маусымнан бері өшіп тұрған. Кейін полиция оның автокөлігін тапқан. Бірақ Әсеттің өзі нақты қайда екені белгісіз болған. Қазір оқиғаның мәнжайы анықталып жатыр.

«ҚР СІМ АҚШ-тың құзыретті органдарынан Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның мәйіті табылғаны туралы ақпарат алды. Қазіргі уақытта америкалық тарап қажетті рәсімдерді жүргізуде. Қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзыретті органдарымен және азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетуде», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.

Сондай-ақ баспасөз отырысында Сыртқы істер министрлігі АҚШ визасының қазақстандықтарға жиі берілмеу себебін түсіндірді. Ресми мәліметке сәйкес, өтініштердің шамамен 45 пайызы мақұлданбайды. Өйткені, құжаттардың көбі талапқа сай келмейді. Ал егер азамат өтінішті толық, әрі дұрыс рәсімдесе, бұрын заң бұзушылықтарға қатысы болмаса, онда виза алуына мүмкіндік бар. 

«Әр елдің құжаттарға қоятын талаптары әртүрлі. Кейбір елдерде қажетті құжаттар саны көп болса, кейбірінде аздау. Бірақ талап етілетін құжаттар аз болғанның өзінде адамдар анкета толтыруда, сақтандыру рәсімдеуде немесе билет мәліметтерін ұсынуда қателіктер жіберіп жатады. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан әрбір өтініш жеке қаралады», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда Жұмабаев көшесінде қозғалыс уақытша шектеледі