Ақтау маңындағы атыс: полиция күдіктілерді жедел ұстады

10.07.2026 19:22

Қазір төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр–Ақтау тас жолының бойында бір топ адам жанжалдасып, соңы атысқа ұласқан. Соның салдарынан оқ жарақатын алған екі азамат облыстық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Зардап шеккендердің бірі хирургия бөліміне жатқызылса, екіншісі бас сүйегінің көптеген сынықтарымен ауруханаға түскен.

Оқиға орнына құзырлы орган өкілдері мен жедел-тергеу тобы барып, қан іздері мен бірнеше оқ гильзасын анықтады. Сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ екі автокөлікке тексеру жүргізіліп жатыр.

Аталған дерекке қатысты адам өлтіруге оқталу, бұзақылық және қаруды заңсыз алып жүру мен өткізу баптары бойынша қылмыстық істер тіркелді.

«Полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысы бар тұлғаларды анықтап, ұстады. Қазір төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу және жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізуде», – деді Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.

Оқи отырыңыз: Оралда полицейлер терезеден құлап кете жаздаған 4 жасар баланы құтқарып қалды