Ақтауда аса ірі көлемде есірткі сақтады деген күдікті ұсталды

25.06.2026 16:10

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды

Ақтауда аса ірі көлемде есірткі сақтады деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Полиция қызметкерлері қаладағы базарлардың біріндегі күдіктіге тиесілі қоймадан зиянды заттар дайындайтын құрал-жабдық тапқан. Тінту жұмыстары оның тұрғылықты мекен-жайында да жүргізіліп, 20 келіден астам марихуана тәркіленді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Құқық қорғау органдары есірткінің Маңғыстау облысына қай өңірден жеткізілгенін анықтап жатыр.

«Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері ҰҚК қызметкерлерімен бірлесе прокуратураның үйлестіруімен заңсыз айналымнан есірткі затын тәркіледі. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Маңғыстау облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұрбол Бақтыбай.

Оқи отырыңыз: Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау шаралары кеңейтіліп келеді