Сараптамалар барысында жарылғыш заттардың іздері анықталған жоқ
«Azerbaijan Airlines» әуе компаниясының Embraer 190 (4K-AZ65) әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаның жылдығына орай ҚР Көлік министрлігі аралық хабарлама таратты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ведомство мәліметінше, ИКАО-ның 13-қосымшасына сәйкес авиациялық оқиғаларды тергеп-тексерудің негізгі мақсаты — мұндай жағдайлардың алдын алу. Тергеу кінәлі тұлғаларды анықтауға емес, себептер мен ықпал еткен факторларды белгілеуге бағытталған. Сонымен қатар оқиға бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық тергеу жүргізіп жатыр.
Аралық есепті дайындау барысында комиссия экипаж деректерін, диспетчерлік ақпаратты, ұшуға дайындық және орындау құжаттарын, метеорологиялық мәліметтерді, техникалық қызмет көрсету материалдарын жинап, талдады. Борттық өздігінен жазғыштардан (FDR, CVR) алынған деректер зерттелді, ұшақ қалдықтары қаралып, фото және бейнетіркеу жүргізілді.
Сараптамалар барысында бөгде металл бөлшектерге кешенді зерттеу жасалып, жарылғыш заттардың іздері анықталған жоқ. Кейбір зақымдардың сыртқы қатты заттардың әсерінен пайда болуы мүмкін екені айтылды. №2 гидравликалық жүйеде механикалық зақым бары расталды. Сонымен қатар авионика модульдері мен GPS кассеталарына зерттеу жүргізіліп, бірқатар деректерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Комиссия екі жұмыс тобын құрды. Оның бірі — қақтығыс аймақтары үстінен ұшу кезінде тәуекелдерді бағалау мәселесіне, екіншісі — әуе кемесінің конструкциялық элементтерін қайта қалпына келтіру есебіне бағытталған. Бұл жұмыстар аясында азаматтық және әскери құрылымдардың өзара іс-қимылы да талдануда.
Қазіргі уақытта комиссия техникалық қызмет көрсету компьютері деректерін зерттеу мен тәуекелдерді бағалау жөніндегі есептің аяқталуын күтуде. Тергеу қорытындылары тек нақты деректерге сүйене отырып жасалатыны атап өтілді.
Авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру нәтижелері бойынша түпкілікті есеп ҚР Көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланады.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку – Грозный бағытындағы J2-8243 рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам түрлі дәрежеде жарақат алған еді. Осыған байланысты ҚР Көлік министрінің 2024 жылғы 26 желтоқсандағы бұйрығымен арнайы тергеу комиссиясы құрылды.
Комиссия құрамына Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей және Бразилия өкілдері, сондай-ақ ИКАО бақылаушысы кірді. 2025 жылғы 4 ақпанда ИКАО талаптарына сәйкес алдын ала есеп жарияланған.
Оқи отырыңыз: Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін Көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі арнайы орталық құрылады