Ақтауда халықаралық контейнерлік хаб ашылды

23.07.2026 18:28

Мамандардың айтуынша, жаңа хаб Ақтау портын Қытай мен Еуропаны жалғайтын негізгі логистикалық тораптардың біріне айналдырады

Ақтауда халықаралық контейнерлік хаб ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан жоба еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндігін кеңейтеді. Жаңа нысан Қытай, Еуропа және Каспий маңы елдері арасындағы контейнерлік жүк тасымалын ұлғайтып, Ақтау портының өңірдегі логистикалық рөлін күшейтпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халықаралық контейнерлік хаб жобасы екі кезеңнен тұрады. Соның алғашқы кезеңі аяқталды. Нақтырақ айтсақ, 10 гектарға заманауи инфрақұрылым салынып, жоғары технологиялық жүк тиеу-түсіру техникалары орнатылды. Соның нәтижесінде терминалдың контейнер өңдеу қуаты жылына жиырма футтық 120 мың эквивалентке дейін артты. Мұнда қазір 40-тан астам маман тұрақты еңбек етеді. Жоба ең алдымен Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық транзиттік жүк көлемін ұлғайтуға арналған. Мамандардың айтуынша, жаңа хаб Ақтау портын Қытай мен Еуропаны жалғайтын негізгі логистикалық тораптардың біріне айналдырады. Сонымен қатар отандық экспорттаушылар үшін де жаңа мүмкіндік ашылады.

«Контейнерлік хабтың ең басты мақсаты – Қытайдың Европаға тасымалданатын транзиттік контейнерлік жүктерін тасымалдау. Тек  транзиттік жүктер емес, Қазақстанның экспорттық жүктерін де тасымалдауға мүмкіндік береді. Транскаспийлік халақаралық транспорттық дәлізінің дамуына үлкен әсер етеді. Солтүстік-Оңтүстік халықаралық дәлізі арқылы жүктерді тасымалдауға жол ашалады», – деді Ақтау халықаралық контейнерлік хабы бас директорының орынбасары Қайрат Қалиолла.

Өткен жылы Ақтау портында 70 мыңға жуық контейнер өңделсе, биыл бұл көрсеткішті жаңа терминал арқылы 90 мыңнан асыру жоспарланған. Ал жобаның екінші кезеңі аяқталғаннан кейін контейнерлік хабтың жылдық қуаты 2 есеге жуық өсіп, жиырма футтық 240 мың эквивалентке жетеді.

«Контейнерлік хаб – порттың ажырамас бөлігі. Ол контейнерлерді қабылдау, сақтау және оларды порт айлақтары арқылы кемелерге тиеп, жөнелту жұмыстарын жүзеге асырады. Хаб арқылы халық тұтынатын тауарлардан бастап өндірістік жабдықтар мен арнайы техникаға дейінгі түрлі жүк тасымалданады», – деді Ақтау портының Коммерциялық жұмыстар жөніндегі атқарушы директоры Арман Жақыпов.

Контейнерлік хабтың екінші кезеңі келесі жылы пайдалануға беріледі. Бүгінде терминал аумағы 19 гектарға дейін кеңейтіліп, қосымша қоймалар мен теміржол желілері салынады. Жоба толық іске асқан соң мұнда 180-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл өңірдің көлік-логистика саласын дамытуға ғана емес, Маңғыстау облысының экономикалық әлеуетін арттыруға да елеулі серпін береді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жүк және жолаушылар тасымалының көлемі артты