Ақтауда хирургты ұрып-соққан азаматқа қылмыстық іс қозғалды

02.11.2026 20:58

Ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде науқастың әкесі дәрігерге қол көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ашуға булыққан ер адам маманды қылқындырып, жұдырық ала жүгірген. Оқиға кезінде дәрігерді әріптестері арашалап қалыпты. Аурухана қызметкерлерінің сөзінше, хирург баланы тексеріп, оны ауруханаға жатқызуға әзірге негіз жоқ екенін түсіндірген. Алайда оның жауабына ашуланған тұрғын аяқ астынан үстелді теуіп, ақ халаттыға тап берген. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Енді дәрігерге қол көтерген азамат қолданыстағы заңнамаға сәйкес 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, 2 апта бұрын 5 жастағы баланың соқыр ішегіне ота жасалған. Ата-ана өткен сенбі күні оның іші ауырғанын айтып, қайта тексертуге алып келіпті.

«Бала сол күні бөлімшеде динамикалық бақылауға алынып, инфузиялық терапия мен қажетті дәрі-дәрмектер берілді. Толық тексеруден кейін жағдайы жақсарып, 20-сы күні таңертең қайта қарау үшін келуге кеңес берілді. Кейін консилиум шешімімен бөлімшеде диагностикалық лапароскопия жасалып, операциядан кейін балаға «мезоаденит» диагнозы қойылды», – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Жәнібек Теміров.

Оқи отырыңыз: Шымкентте көпқабатты үйдің алдынан жас жігіттің мәйіті табылды

Толық көрсету