«Ақбота» саябағында жұмыс істеп жүрген тұрғындардың кәсібі аяқ астынан тоқтап қалуы мүмкін
Ақтаулық кәсіпкерлер «Ақбота» саябағынан қуылып жатыр. Олардың айтуынша, қала әкімдігі демалыс орнында ауқымды құрылыс жұмыстарын бастамақ. Құны 2,5 миллиард теңге болатын жоба аясында қоғамдық кеңістік толық жаңартылады. Алайда, сол аумақта нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлер аяқ астынан “орныңды босат” деген талап алғандарын айтады. Ең қызығы, олардың кейбіріне жер телімі жақында ғана беріліпті. Тараптардың уәжін тілшіміз тыңдап қайтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі.
«Ақбота» саябағында жұмыс істеп жүрген тұрғындардың кәсібі аяқ астынан тоқтап қалуы мүмкін. Шағын кәсіпкерлердің қатарында 10 жылдан бері еңбек етіп жатқандар және ісін енді бастағандар да бар. Солардың бірі – Маусымжан Саматова. Ол әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүріп, он күн бұрын ғана осы аумақтан жер телімін алған. Жан-жағын реттеп, жұмысына кірісе бергенде жергілікті билік өкілдері орныңды босат депті. ¤
«Неге әкімат алдын ала ескертіп айтпайды? «Бұл жерге тұрмаңыздар,жер жабылады» деп неге ескертпейді? Біз қарсы емеспіз? Істесін, бірақ кәсіпкерлердің жағдайын жасап, ескертіп айту керек еді ғой. Ешқандай ескерту жоқ, итті қуғандай қылып қуып жіберуге болмайды ғой», – деді кәсіпкер Маусымжан Саматова.
Кәсіпкер бұл іске қыруар қаржы салғанын айтады. Несие рәсімдеп, түрлі ойын-сауыққа арналған құрылғылар сатып алған. Оның үстіне, екі мүмкіндігі шектеулі жанға күтім жасап отыр. Күйінген кәсіпкер енді не істерін білмей дал. «Ақбота» саябағында Маусымжан сияқты 50-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Олар да «басқа жерден орын ұсынбаса, саябақтан кетпейміз» деп отыр.
«Біз қайда баратынымызды білмейміз? Неге осы жерде тұрған 50 кәсіпкерге әкімдік неге қараспайды? Олардан ештеңе сұрап жатқан жоқпыз. Біз қайда барамыз? Ешкімде қосымша жұмысы жоқ. Орын қарастырып беруін талап етеміз», – деді кәсіпкер Айгүл Әбілда.
Ал әкімдік өкілдері мәселені басқаша түсіндірді. Айтуларынша, кәсіпкерлерге құрылыс жұмыстары туралы алдын ала хабарланған. Оның үстіне, олар саябақтағы орны үшін екі жыл бойы тек коммуналдық қызметке ақша төлеп, жер телімін тегін пайдаланған. Әзірге кәсіпкерлерді көшіруге арналған бос аумақ жоқ. Дегенмен басқа жерден бос орын қарастырмақ
«Бұл жерде бұған дейін де қолдау көрсетілді. Ешқандай мәселе болған жоқ. Халық тарапынан «Ақбота» саябағына наразылық көп.Қолайлы жағдай жасау үшін жобаны қалайда жүргізуіміз керек. Сол себепті кәсіпкерлерден сұрарымыз бұл жерді босату қажет етіледі. Ал енді қай жерге көшіретініміз бойынша ұсыныс қарастырамыз», – деді Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Нұрсұлтанов.
Әкімдік дерегінше, «Ақбота» саябағын толық жаңғыртуға 2,5 миллиард теңге жұмсалады. Алайда қарсылық білдіргендер күнкөріс көзіне айналған кәсіпті бір күнде тоқтата алмайтынын айтты. Адам көп шоғырланатын басқа орын ұсынып, жұмысымызды жалғастыруға мүмкіндік берсін деген талап қойды. Қос тарап әзірге ортақ мәмілеге келген жоқ.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан.
Оқи отырыңыз: Алматыда жөндеу жұмыстарына байланысты Ғабдуллин көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады