Ақтауда салымшылар заңсыз құрылысқа ақша салып, далада қалған

05.12.2025 20:31

Өңірдегі Құрылысты бақылау департаментінің өкілі мәселемен таныс

Ақтауда төрт бірдей тұрғын үйдің салымшылары сергелдеңге салынып жүр. Жұрт заңсыз құрылысқа ақша салып, далада қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қуанышбай Пірназаров 2020 жылы тұрғын үйден пәтер сатып алған. Баспанасы бола тұра үй жалдауға мәжбүр. Өйткені алған үйі толық қолданысқа берілмеген. Тіпті оны заңсыз салынған деп танып, сүріп тастауға да шешім шығарылған.

«Жылу жүйесі қосылмаған. Амал жоқ, көшіп келейін деп жатырмыз. 100 мың теңгеге пәтер жалдау оңай емес, балалар, олардың тамағы, киімі бар», – деді қала тұрғыны Қуанышбай Пірназарова.

Салымшылар жаңа үйдің сапасы да сын көтермейтінін айтты. Бірнеше жылдан бері тұралап қалған тұрғын үйдің, қолданысқа бермей жатып, қабырғасына сызат түскен. Кейбір үйлер ескіріп үлгерген.

«Үйді қолданысқа береміз дегеніне 5 жыл болды. Бес жылдан бері бітпеген үйді әлі сатып жатыр. Біз сияқты алданып қалмаңыздар. Әркім кіріп-шығып жүр. Іші - сырты қирап жатыр», – деді қала тұрғыны Ілияс Құрбанова.

Құрылыс компаниясының басшысымен телефон арқылы сөйлескенімізде 3 ай ішінде олқылықтың орнын толық жоятынын айтты.

«Арасында қиыншылық болды, құрылыс тоқтап қалды. Енді 2-3 айлық жұмыс қалып тұр. Үйді толық бітірген соң, құжаттары шығады», –  деді құрылыс компаниясының өкілі.

Өңірдегі құрылысты бақылау департаментінің өкілі мәселемен таныс. Жоспардан тыс тексеру  барысында заңсыз құрылысты анықтап, істі сотқа жолдаған. Десе де халық ақша салғандықтан  сүру туралы шешімді қайта қарап, кәсіпкердің құжаттарды реттеуіне мүмкіндік беріпті.

«Тапсырыс берушіге мүмкіндік бердік. Зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша мүмкіндік берілді. Жалпы соттың шешімінің мерзімі үш жылға жарамды», – деді  Маңғыстау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті бөлім басшысының м. а. Асхат Нұрғалиев.

Әбден шаршаған халықтың жалғыз талабы – ақша төлеп алған баспаналарының заңдастырылып, толық аяқталып берілуі. Мәселе шешімін тапқанша соңына дейін күресеміз деп бекініп отыр.

Оқи отырыңыз: Балаларды құлдықта ұстаған өгей әке бас бостандығынан айырылды