Ақтауда ұшақ апатының құрбандарына ескерткіш тақта орнатылды

26.12.2025 15:37

Іс-шараға опат болған жолаушылардың туыстары мен жақындары қатысты

Бір жыл бұрын Ақтау қаласына жақын жерде болған ұшақ апатының құрбандарына сол маңнан ескерткіш тақта орнатылды. Онда қайғылы жайттан зардап шеккендердің суреттері де қойылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

 2024 жылы 25 желтоқсанда таңертең Embraer 190 әуе кемесі Ақтауға шұғыл қонуға тырысқан сәтте апатқа ұшырады. Ұшақта барлығы 67 адам, яғни 62 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған. Төтенше жағдай салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды. Ұшақ ылдилап жерге құлаған сәтте ең бірінші болып көмекке жеткен Маңғыстау өңірлік электр желілері компаниясының қызметкерлері еді. Ұшақ құлаған алаңда тоқ жүргізіп жүрген 19 азамат аман қалғандарды құтқаруға асыққан.

«Көмектесіңдер деген дауыс естідік. Мақсат – алғашқы көмек көрсету. Ішіне кіріп, экипаж мүшесі, әйел мен ер адамды, қырғыз азаматтын көмектестім. Одан кейін желед жәрдем, ТЖМ түгел келді», – деді электромонтер Қадырбек Тойлыбай.

Қираған ұшақ ішінен шалажансар жолаушыларға көмек көрсетуге асыққандар көп болды. Электромонтерлер әуе кемесінен адамдарды сыртқа алып шықса, сол маңдағы тағы бір фельдшер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға дейін алып барған. Нұргелді Құлшабайдың айтуынша, ұшақ жолаушылары ауыр жарақат алған. Ол «сол күнді әлі күнге дейін ұмыту мүмкін емес» дейді.

«Екіге бөлінген ұшақ. Бас жағы жарылып жатыр, ішіндегі адамдар о дүниелік болып кеткен. Бір-бірін іздеп жүрген адам түнектен шығып жатқан сияқты. Бетін қан жуып кеткен. Баласын іздеп жүрген ана, әкесін іздеп жүрген бала, әйелін іздеп жүрген күйеуі жүр. Біз бірінші медициналық көмек көрсетіп, көлігімізге тиеп, Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткіздік», – деді фельдшер Нұргелді Құлшабай.

Оқиға болған аймақта бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған апат құрбандарына ескерткіш тақта орнатылған. Қаза тапқан экипаж мүшелері ұшқыштар Игорь Кшнякин мен Александр Кальяниновтың, сондай-ақ бортсерік Хокума Алиеваның туыстары Ақтауға арнайы келіп, апат құрбандарына тағзым етті. Шараға опат болған жолаушылардың туыстары да қатысты.

Айта кетейік, тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Оқи отырыңыз: Ер азамат көз жұмды: Мюнхеннен Бейжіңге бағыт алған ұшақ Алматы әуежайына шұғыл қонды