Ақтаудың іргесіндегі ауыл тұрғындары ауыз суға зәру

27.01.2026 20:13

Оймаша ауылында былтыр бюджеттен бөлінген 90 миллион теңгеге бар-жоғы 4 шақырым құбыр жаңартылған

Ақтау қаласының дәл іргесіндегі Оймаша ауылының тұрғындары 40 жыл бойы су тапшылығын көріп келеді. Екі мыңға жуық халық тұратын елдімекенде, су аптасына бірнеше мәрте өшіріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Аптасына 2-3 мәрте су келмей қалады. Фильтр арқылы су ішіп отырмыз», – деді тұрғын.

Оймашылықтар осы әдіспен су жинауға мәжбүр. Сүзгі де орнатып қойыпты. Себебі әр кез кешігіп, тоқтап келетін су, лайланып тұрады. Ол аздай, судың қысымы да төмен.

«Су үнемі тоқтап қалады. Құбыр жарылады. Соңғы 4-5 жылда судың қысымы төмен,  көтерсе, өқбыр жарылып кетеді», – деді Оймаша ауылының тұрғыны Сүйеу Жолымбердиев.

«Су құбырларын ауыстыру керек. Өйткені ол күн ара тесіліп жатады. Жігіттерге, рахмет! Қақаған аязда құбырларды жамап жатыр.Бірақ ол мәселені шешпейді, – деді Оймаша ауылының тұрғыны Дәметай Өмірзақова.

Ал көпшілік алдына келген ауыл басшысы бұл мәселеге қатысты биыл бір де бір жоспар да, қаржы да жоқ екенін ашық айтты.

«2026 жылы су құбырын жөндеу жоспарда жоқ. Тұрғын үйден өтініш түседі, қай жер әлсіз нүктелерді анықтап береді. Біз қосымша қаржы сұратамыз. Мен ауылдың құбырын ауыстырып тастаймын деп айта алмаймын. Қаржы да жоқ», – деді Өмірзақ ауылдық округінің әкімі Бисенғали Кенжалиев.

Оймаша ауылында былтыр бюджеттен бөлінген 90 миллион теңгеге бар-жоғы 4 шақырым құбыр жаңартылған. Алайда бұл жұмыс су мәселесін түбегейлі шешпепті. Әзірге түйткілдің қашан тарқайтыны белгісіз.

Оқи отырыңыз: Алматыда автобус жүргізушісі жол үстінде қаза тапты